Үкіметте «G4 City» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды
Үкіметте Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы облысында «G4 City» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңесте халықаралық бизнесті дамыту орталығын құру, инвестициялар тарту, инфрақұрылым жүргізу, іскерлік қызмет нысандарын салу жөніндегі шаралар, сондай-ақ бірқатар ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев баяндама жасады.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр уәкілетті мемлекеттік органға бірқатар тапсырма берді.
Еске сала кетейік, тұжырымдамаға сәйкес Алматы және Қонаев қалаларының аралығындағы интеграцияланған G4 City қаласы төрт ауданнан тұратын болады: Gate – іскерлік және қаржылық орталық, Golden – білім беру және медицина салалары бойынша хабтар, Growing – өнеркәсіптік және логистикалық хабтар, Green – туристік кластер.
Биыл көктемде Алматы облысында 2048 жылға дейін жалпы ауданы 30 мың га болатын «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл интеграцияланған қаланы құруға отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы климатты қамтамасыз етеді.