Үкіметте экономиканың бірқатар саласын демонополизациялау жөніндегі жаңа ұсыныстар қаралды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді.
Отырыс барысында құрылыс және ТКШ, көлік, автожолдардың жұмыс істеуі және өнеркәсіп салаларын демонополизациялау бойынша ұсыныстар қаралды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды алу процесінің айқындылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болатынын атап өтті.
Қазіргі таңда инженерлік желілердің, қосылу нүктелерінің орналасуы және бос қуат көздері туралы сенімді және ашық ақпараттың болмауы бұл қызметтердің қолжетімсіз болуына әкеп соғуда. Жағдайды өзгерту үшін табиғи монополиялар субъектілерін тұтынушыларды қосу үшін желілер, қосылу нүктелері және бос қуат көзері бойынша ақпаратты цифрландыруға және жүйелі түрде жаңартып отыруға, сондай-ақ бірыңғай цифрлық алаңда берілетін техникалық шарттардың есебін енгізуге міндеттеу ұсынылады.
Бұдан әрі министр жеке сараптама ұйымдарын Мемлекеттік сараптаманың ақпараттық жүйесін пайдаланғаны үшін алынатын абоненттік төлемнен босату жоспарланып отырғанын атап өтті. Жаңа тұрғын үйлерді салуға және пайдалануға беруге қатысты – ірі интернет-байланыс операторының монополиясын алып тастау көзделіп отыр.
Бүгінгі күні құрылыс салушылар іс жүзінде жаңа тұрғын үйді интернетке қосуға бөгде операторларды тартпайды, сондықтан жаңадан салынған үйлердің тұрғындарында телекоммуникация қызметтері тұрғысынан таңдау шектелген. Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу кезінде бірнеше байланыс операторын тарту қамтамасыз етілетін норма қабылданады. Сондай-ақ интернет-байланыс желілерін жүргізуді инженерлік желілердегідей, дайын объектілерді тапсыру кезінде міндетті шарт ету жоспарда бар.
Үкімет басшысы аталған ұсыныстарды қолдады. Бұл орайда Әлихан Смайылов ҚР ИИДМ-ге талқылау барысында сынға іліккен бірқатар өзге де шараларды пысықтауды және бір апта ішінде Комиссияның қарауына жаңартылған ұсыныстарды енгізуді тапсырды.