Үкіметте бірқатар кадрлық өзгеріс жасамақшымын – Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Баршаңызға мәлім, өтіп бара жатқан жыл оңай болған жоқ, өте күрделі болды десек артық емес. Елімізде болған қасіретті оқиғалар жөнінде өздеріңіз білесіздер. Біз бәріміз бір ел, бір ұлт, бір халық болып, Отанымызды бірлесіп сақтап қалдық деп еш күмәнсіз айтуға болады. Алдымызда тұрған негізгі мақсат – еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру. Әрине, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ, дана халқымыз барлық қиындықты, тосқауылдар мен кедергілерді жеңіп шығатынына мен кәміл сенемін. Адамзат коронавирус індетінің салдарын әлі де толық еңсере алмай отыр. Оған қоса, геосаяси ахуал ушыға түсті. Соның кесірінен халықаралық дағдарыс күшейді. Мұның бәрі әлем экономикасын тығырыққа тіреді. Біз осы күрделі жағдайда экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз. Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша экономикамыз 3 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 6,5 пайызға артты. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ, жайбарақат отыруға болмайды, - деді ол.
Президент Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгеріс жасайтынын айтты.
Мен жақында өткен Үкімет отырысында бұл мәселе бойынша нақты айттым. Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр. Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда, таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ойлаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын. Жалпы, Үкіметтің алдында тұрған мақсаттар – өте ауқымды және өзекті, - деді Президент.
Ол жастарды жұмыспен қамту өте маңызды екенін айтты.
Біз экономиканы одан әрі дамытуға барынша күш салуымыз керек. Келесі жылы ЖІӨ өсімі кемінде 4 пайыз болуға тиіс. Ал, ақшаға шаққанда алғаш рет 250 миллиард долларға жетуі қажет. Ұлттық банк пен Үкіметтің алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Бұл – инфляцияны ауыздықтау. Тұрмысы төмен тұрғындарға оның қатты тиетіні анық. Осы мәселені шешпесек, экономиканы өркендету мүмкін емес. Халықтың әл-ауқатын арттыру және елге инвестиция тарту қиынға соғады. Сондай-ақ, жаңа өндірістер салып, жұмыс орындарын ашу керек. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту өте маңызды. Әйтпесе, инфляцияның өсуінен азаматтарымыз үлкен зиян шегуі мүмкін. Денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне баса назар аудару қажет. Осы орайда, барлық жоспарымыздың орындалу барысын бақылауға алу керек. Соңғы кезде кейбір аймақтарда болған төтенше жағдайлар ел ішінде қордаланған мәселе көп екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу керек. Бұл – өңірлік саясаттағы негізгі міндеттің бірі, - деді Мемлекет басшысы.
Ол Парламенттік сайлауға айрықша мән беріп отырғанын айтты.
Біз үшін бұл өзгерістерді жалпыұлттық диалог арқылы жүзеге асыру өте маңызды. Осы мәселеге байланысты Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болмақ. Сондықтан, келе жатқан Парламенттік сайлауға мен өзім Мемлекет басшысы ретінде айрықша мән беріп отырмын. Бұл сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс. Жалпы, біз азаматтық қоғамның беделін арттыруымыз керек. Азаматтардың лайықты белсенділігі болмаса, еліміз озық болмайды. Бұл – ақиқат. Дегенмен, азаматтарымыз, ең алдымен, еліміздің алдында жауапты болуға тиіс. Қоғамда заң бірінші орында тұруы керек. Заңның үстемдігі және қоғамдағы тәртіп – еліміздің тұрақтылығының кепілі. Тұрақтылық болмаса, Қазақстан ойдағыдай ілгері баса алмайды. Аймақтағы басты рөлін атқара алмайды. Негізгі мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру, - деді Тоқаев.
Балаларды кибербуллингтен қорғайтын заңнамалық механизмдер енгізілді.
Биыл Парламент 150 заң жобасын қарады. 79 заң қабылданды. Бұл құжаттар конституциялық реформаны жүзеге асыруға бағытталған. Азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғауға, бизнесті өркендетуге арналған. Сондай-ақ, қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейді. Атап айтқанда, бала күтіміне байланысты төлем мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Бұл шара балалардың да, оларға күтім жасаушылардың да әлеуметтік қауіпсіздігін арттырады. Жастар санатының деңгейі 29-дан 35 жасқа дейін өсірілді. Бұл азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларын көбірек алуына мүмкіндік береді. Балаларды кибербуллингтен қорғайтын заңнамалық механизмдер енгізілді, - деді ол.
Президент сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеп, дамыту үшін бірқатар заңнамалық түзету енгізілгенін айтты.
Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп саласында бірқатар заң қабылданды. Оның ішінде биологиялық қауіпсіздік туралы заңды атап өткен жөн. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң да бар. Құқық қорғау саласы мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және әскери қызметшілер барынша қорғалатын болды. Сондай-ақ, олардың жауапкершілігі күшейтілді. Қаржы пирамидаларына қарсы күрес саласына, сондай-ақ құнды қағаздар нарығын, банк және микроқаржы секторларын реттеуге қатысты заңнама жетілдірілді. Заңнамаға инновацияны ынталандыру, цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөнінде маңызды өзгерістер енгізілді. Мейлінше қолайлы бизнес-климат құру мақсатында Жақсартылған модельді келісімшарт және Жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу туралы келісім сияқты тәсілдер енгізілді. Микро және шағын кәсіпкерлік өкілдері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Ол еңбекақы төлеу қорының есебінен жүзеге асырылады. Стрессті активтерді экономикалық айналымға қайтару үшін заңнамалық негіз қалыптасты. Сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеп, дамыту үшін бірқатар заңнамалық түзету енгізілді. Алда ауқымды жұмыс бар. Мақсатымыз – баршаға айқын. Бұл – мемлекетімізді нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру, - деді Мемлекет басшысы.