Үкіметте Астананы дамыту барысы талқыланды

Үкіметте Мемлекет басшысының Астананы дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа бағдарламалық құжаттарды, Астананы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, 2030 жылға дейінгі қайта жаңарту бағдарламасын және Көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады. 

Қала басшысы 3-ЖЭО-ның бірінші кезегінің және жалпы қуаты 1 130 Гкал болатын екі газ жылу станциясының құрылысы туралы айтып берді. Бұл тұрғын үй құрылысының қазіргі қарқыны сақталса, 2026 жылға дейін жылу энергиясы қорын жинауға мүмкіндік береді. 

Сумен жабдықтау бойынша ұзындығы 44 шақырым су құбырының екінші желісін салу жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарлардың орындалуы 2035 жылға дейін қажетті қорды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда қалада су тапшылығы жоқ. Биыл автожолдарды салу және жөндеу, сондай-ақ Тәуелсіздік көпірін аяқтау бойынша 30 жоба іске асырылуда. Премьер-министр елорданы дамыту мәселелерін шешу Үкімет жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы атап көрсеткен барлық мәселе бойынша қажетті шараларды іске асыруды жалғастыру керек. Атап айтқанда, елорда әкімдігі бөлінген қаржыландыруды пайдалана отырып, барлық инфрақұрылымдық жобада, оның ішінде үлескерлері бар проблемалық құрылыс нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс, - деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр республикалық бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде Астананың басым жобаларын қаржыландыруды қарастыруды, сондай-ақ жыл соңына дейін Елорда агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, оны Үкіметке енгізуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы