Үкіметте Абай облысындағы негізгі жобаларды жүзеге асыру шаралары қаралды
Үкіметте Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі жобаларын жүзеге асыру бойынша шаралар қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың 21 сәуірде аймаққа жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды.
Орталық мемлекеттік органдар басшылары мен облыс әкімі өңірдің жылу және сумен жабдықтау желілерін, Талдықорған-Қалбатау тас жолын және Шар су қоймасы құрылымдарын қайта жаңғырту, сондай-ақ Қаракөл су қоймасын, Ертіс өзеніндегі контррегулятор, қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигонын, Семей қаласындағы ЖЭС-3 салу және тағы басқа құрылыстар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бұдан бөлек, өңірді әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жаңа инвестициялық жобаларды қолдау, ірі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушыларының шағын және орта бизнес белдеуін құру, «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, республиканың басқа қалаларымен әуе қатынасын кеңейту және тағы да басқа мәселелер бойынша ақпарат берілді.
Сондай-ақ кәсіпорындарды модернизациялау және геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту, Бақты ауылында құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысы, Семейдегі аспалы көпір мен жолдарды жөндеу және жаңа энергетикалық инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерінің құрылысы бойынша жоспарлар тыңдалды.
Премьер-министр министрліктер мен облыс әкімдігі ең өзекті жобалар мен бастамаларға басымдық бере отырып, бірлескен іс-шараларды кезең-кезеңімен мұқият жоспарлау қажеттігін атап өтті.