28 Қыркүйек 2026, 16:03 Фото: Үкімет

Қазақстан экономикасында өсімнің негізгі драйверлері қандай?

Үкіметте 9 айдағы экономика дамуының алдын ала қорытындысы қаралды

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында 9 айдағы экономикалық өсімнің алдын ала нәтижелері қаралды.

Жиында экономиканың негізгі секторларындағы көрсеткіштер сараланып, жыл соңына дейінгі өсім қарқынын сақтау мәселелері талқыланды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жалпы ішкі өнімнің өсіміне құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймаға жинау, сауда және ауыл шаруашылығы салалары негізгі үлес қосып отыр.

Өңдеу өнеркәсібі: машина жасау мен химия саласы алда

Өңдеу өнеркәсібінде қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша нақты көлем индексінде оң өсім сақталады деп күтілуде. Бұл ретте өсімнің негізгі бөлігін машина жасау және химия өнеркәсібі қамтамасыз етіп отыр.

2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша машина жасау саласында жеңіл автомобиль өндірісі 34,2%-ға өсіп, 117,2 мың бірлікке жетті. Сонымен қатар жүк және арнайы техника өндірісі 18,5%-ға, теміржол платформаларын шығару 76,6%-ға, жолаушылар вагоны өндірісі 40,9%-ға ұлғайды.

Химия өнеркәсібінде де өндіріс көлемінің артуы байқалады. Атап айтқанда, күкірт қышқылы өндірісі 4%-ға, полипропилен 24,5%-ға, аммофос 10,3%-ға өсті.

Сонымен қатар металлургия саласында нақты көлем индексі 97,5% деңгейінде сақталуда. Көрсеткіштерді жақсарту үшін шикізат базасын кеңейту шаралары қабылданып жатыр. Ел ішінде және шетелде әлеуетті жеткізушілермен келіссөздер жүргізілуде.

Осыған байланысты Серік Жұманғарин Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп кәсіпорындарды шикізаттың қосымша көлемімен қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы ақпаратты тыңдады. Талқылау қорытындысында металлургия саласы үшін шикізат базасын кеңейту жұмысын жалғастыру тапсырылды.

Құрылыс, сауда және көлік секторларындағы динамика

Экономикалық өсімге айтарлықтай үлес қосып отырған салалардың бірі – құрылыс.

Қаңтар-тамызда құрылыс жұмыстарының көлемі 6,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,6%. Өсім 18 өңірде байқалды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы болжануда.

Тұрғын үй құрылысында да өсім сақталып отыр. Сегіз айда 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,6%-ға артық. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 12,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп болжануда.

Көліктік-логистикалық сектор да оң динамика көрсетіп отыр. Жүк тасымалының өсуіне негізінен астық пен көмірдің теміржол арқылы тасымалдануы ықпал етуде. Астық тасымалдау көлемі 3 млн тоннаға артып, 13,6 млн тоннаға жетті. Көмір тасымалы 1,1 млн тоннаға, темір рудасы 2,8 млн тоннаға ұлғайды.

Бұл қарқын мұнай мен газ тасымалдау көлемін сақтау және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етілуде.

Сауда саласы да экономиканың өсуіне елеулі үлес қосып отыр. Қаңтар-тамыздағы сауда саласының нақты көлем индексі 106% болды. Айналым 51,5 трлн теңгеге жетті.

Негізгі үлесті көтерме сауда қамтамасыз етуде. Оның айналымы 34,7 трлн теңгеге жетіп, металлургия өнімдері, астық және отын саудасының өсуі есебінен артты. Бөлшек сауда айналымы 17 трлн теңгені құрады. Бұл сегментте азық-түлік тауарлары бойынша ең жоғары қарқын байқалды.

Кеңесте өңірлердегі сауданы дамыту мәселесі де қаралды. Вице-премьер әкімдіктерге Премьер-министрдің сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы: егін және мал шаруашылығындағы өсім

Агроөнеркәсіптік кешенде қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша көрсеткіштердің тұрақты өсуі күтілуде. Болжам бойынша оң динамика жыл соңына дейін сақталады.

Биыл егін жинау қарқыны былтырғыдан жоғары. Негізгі өсім майлы дақылдардың жалпы жиналуының ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Мал шаруашылығында да өсім күтілуде. Бұған заманауи тауарлы сүт фермаларының жобалық қуатқа жетуі есебінен сүт өндірісінің артуы, сондай-ақ бордақылау алаңдарын жеңілдікпен несиелеу нәтижесінде ет өндірісінің өсуі ықпал етпек.

Азық-түлік өнеркәсібі де экономикалық өсімге қосымша үлес қосып отыр. Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша жаңа қуаттарды енгізу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өндірісті кеңейту есебінен оң серпін күтілуде.

Жиын қорытындысында Серік Жұманғарин үш тоқсанның соңында барлық негізгі салалар бойынша болжамды көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.