Үкіметке берілген дербестік: Енді талап қандай? – Сарапшы пікірі
Кешегі Үкімет отырысында мемлекеттік басқару сапасына қатысты айтылған сын қоғамдағы көңіл-күйді дәл бейнеледі. Экономикалық өсім бар деген ресми мәліметтер айтылғанымен, сол өсімнің қарапайым халықтың тұрмысында айқын сезілмеуі негізгі мәселе ретінде көтерілді. Сонымен қатар, инфляцияның жоғары болуы, бюджеттің тиімсіз игерілуі, цифрландыру жобаларының толық нәтиже бермеуі де күн тәртібінде қозғалды. Осы тұрғыда BAQ.KZ тілшісіне саясаттанушы, PhD Елдос Жұмағұлов өз пікірін білдірді.
Оның пікірінше, бұл сындардың барлығы Президенттің ахуалға көңіл толмай отырғанын білдіреді.
Соңғы жылдары жоспар да, реформа да, тапсырма да көп болды. Бірақ қоғам үшін басты өлшем – бағаның тұрақтауы мен табыстың өсуі. Егер экономикалық өсім статистикада бар да, халық оны тұрмысында сезбесе, онда мәселе өсімнің сапасында, - дейді сарапшы.
Сондай-ақ, ол Үкіметке дербестік шешім беру туралы да өз ойын айтты.
Көп жағдайда бастама жоғарыдан айтылғаннан кейін ғана қозғалады. Министрліктер тәуекелге барудан қашқақтайды, себебі жауапкершілік бірден өздеріне жүктеледі. Президенттің “дербестік берілді” деуі – енді сылтау айтатын уақыт аяқталды деген белгі, - дейді Жұмағұлов.
Сарапшы мемлекеттік басқару сапасына қатысты айтылған сын ең өткір мәселе екенін атап өтті. Оның сөзінше, есептің әдемі болуы нәтиженің сапалы екенін білдірмейді.
Цифрландыруға үлкен үміт артылды. Бірақ жүйелердің жиі істен шығуы, мәліметтердің толық интеграцияланбауы, кей салалардағы алаяқтық фактілері басқару сапасында нақты проблемалар бар екенін көрсетеді. Егер жүйе шынымен тиімді жұмыс істесе, мұндай жағдайлар аз болар еді, - дейді ол.
Сондай-ақ саясаттанушы егер тапсырмалар орындалмаса, жауапкершілік мәселесі көтерілетінін айтады.
Біз байқап жүргеніміздей, көбіне орта деңгейдегі шенеуніктер мен сала басшылары жауап береді, министрлер, әкімдер ауысады, бірақ жүйе өзгермейді. Шынайы саяси жауапкершілік тек кадр ауыстырумен шектелмеуі керек. Егер инфляция төмендемесе, табыс артпаса, жобалар кешіксе – бұл жеке адамның емес, жалпы басқару жүйесінің әлсіздігі ретінде бағалануы мүмкін, - дейді сарапшы.
Оның пікірінше, қазір талап күшейгені байқалады. Бірақ негізгі өлшем, халыққа керегі – нақты нәтиже. Егер жақын уақытта халық тұрмысында айқын өзгеріс болмаса, әдемі сөз бен жоспардың мәні жоқ.