Ұлттық банк төрағасы сыртқы нарықтағы ахуал туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында сыртқы нарықтағы ахуал туралы айтып берді. 

Оның айтуынша, дамыған және ірі елдерде жаппай вакцинацияның басталуы экономикалық белсенділіктің қалпына келу болжамын жақсартып, нарықтар үшін оң белгі болды. 900 млрд АҚШ доллары сомасына Америка экономикасын ынталандырудың қосымша топтамасын қабылдау қор және тауар нарықтарына айтарлықтай қолдау көрсетті.

Негізгі қор индекстері жылды айтарлықтай өсумен аяқтады. S&P 500 кең индексі 2020 жылы желтоқсанда 3,7%, Dow Jones индустриялық индексі – 3,3%, NASDAQ жоғары технологиялық индексі – 5,1% қосты.

Осының аясында АҚШ долларының индексі төмендеу үрдісін көрсетті, алтынның құны бір айда бір унция үшін 6,6%-ке1893,1 АҚШ долларына дейін өсті, - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша биыл  қалпына келу қарқынына қатысты белгісіздік Еуропаның ең ірі экономикасы – Германияда тіркелген науқастар мен өлім-жітімнің рекордтық саны, сондай-ақ осы жылғы қаңтарда басқа континенттерге таралған Ұлыбританиядағы вирустың жаңа штаммы аясында сақталуда. Бұл шектеу шараларын күшейтуге алып келді, бұл әлемдік экономиканың қалпына келуіне қауіп төндіреді.

Global Composite PMI индексі 2020 жылы желтоқсанда қарашадағы 53,1 тармақтан 52,7 тармаққа дейін төмендеді. Шектеу шараларына қарамастан, Еуроодақтағы іскерлік белсенділік индексі желтоқсанда 45,3-тен 49,1-ке дейін өсті. Сонымен қатар, Қытай өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексі өндіріс өсуінің баяулауына байланысты бір айда 54,9-дан 53,0-ге дейін төмендеді, - деді банк төрағасы.

Сондай-ақ ол елдегі  іскерлік белсенділікке тоқталды. 

Оның айтуынша Қазақстанда іскердік белсенділіктің шоғырландырылған индексі 2020 жылғы желтоқсанда көбінесе құрылыстағы іскерлік белсенділіктің төмендеуі есебінен 49,4-тен 49,0-ге дейін төмендеді, онда көрсеткіш 52,5-тен 49,5-ке дейін қысқарды. Қызмет көрсету саласында 0,7 тармаққа 48,0-ге дейін төмендегені байқалады. Сонымен қатар, өнеркәсіп 2020 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет оң көрсеткішке жетті, индекс 49,6-дан 50,3-ке дейін көтерілді.

2020 жылы Қазақстан экономикасының 2,6%-ке жалпы төмендеуі Ұлттық Банктің 2,5-2,7% деңгейіндегі болжамдарына сәйкес келеді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы