Үкімет жыл сайын 7 млрд теңгені босқа жұмсап жатыр – Ақылбек Күрішбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев Үкімет 7 млрд теңгені жыл сайын шетелдік селекцияның тұқымдарын субсидиялауға жұмсап жатқанын айтты.
Азық-түлік тауарлары бағасының елеулі құбылуы кезінде оның ең төменгі шегін алдын ала болжау өте қиын. Сосын тұрақтандыру қорында азық-түліктің көптеген түрінің көлемі ең төменгі тұтыну нормаларының 1-7 пайызынан аспайды. Мұндай жағдаймен нарықты тиімді реттеу мүмкін емес. Бұл схемада сауда орталықтары тек отандық ауылшаруашылық тауарларын алуға міндеттелмеген. Басқаша айтқанда, қазақстандық фермерлер өз өнімдерін өткізе алмай жүргенде, бюджет қаражаты шетелдік өндірушілерді қаржыландыруға жұмсалып отыр, - деді Ақылбек Күрішбаев.
Ол бюджет қаражатын тікелей отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерден өнімдерді форвардтық сатып алуға, яғни оларға сақтау, өңдеу және тасымалдау ұйымдастыру қажеттілігін ескере отырып, ұзақ несие бөлуге бағыттаған жөн деп санайды.
Біз Үкіметтің көтерме-тарату орталықтарын салу жөніндегі ұстанымын қолдаймыз. Бірақ бұл жерде де жұмысты аяғынан емес, басынан – яғни өндірістен бастау керек. Сонда салынған орталықтар бос тұрмай, ең төменгі бағадағы өнімдермен қамтамасыз етілетін болады. Тағы бір мәселе - ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық селекциясын дамыту. Қазірдің өзінде, сұрыптар мен будандардың 70%-ын, ал кейбір дақылдар бойынша 100% импорттайтын жағдайға жетіп отырмыз,- дейді депутат.
Ол Үкімет 7 млрд теңгені жыл сайын шетелдік селекцияның тұқымдарын субсидиялауға жұмсайды. Бұл мемлекеттің қаражатын тиімсіз, ауылшаруашылығы саласының болашағын ойламай жұмсап жатқанының белгісі деп санайды.
Құрметті Үкімет мүшелері, біз Үкіметтің пандемия мен экономикалық дағдарыстың осы күрделі кезеңінде экономиканы тұрақтандыру және еліміздің әлеуметтік саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарғанын көріп отырмыз, түсінеміз. Сіздерден алдағы жұмыста аграрлық саланың аталған өзекті мәселелерін шешуге назар аударуыңызды сұраймыз,- деді сенатор.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Жаңарған жағалау көкшеліктердің сүйікті демалыс орнына айналды
Өзгелердің жаңалығы