Үкімет жұмысына халық пен БАҚ неге сын айтады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров мәлімдеді.
Айтуынша, министрлік ақпараттық саясатты тиімді іске асыру тұрғысынан медиакеңістіктің мониторингін тұрақты негізде жүргізеді.
Қазіргі уақытта мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау бойынша Үкіметтің қызметіне жұртшылықтың жоғары қызығушылығы байқалады. Алайда жекелеген өзекті тақырыптар бойынша тіркелетін азаматтардың кері байланысы көбінесе теріс сипатқа ие болады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол халық пен БАҚ тарапынан сынның болу себептеріне тоқталып өтті.
Жұртшылық пен БАҚ өкілдері тарапынан сынның болу себептері:
1) Мемлекеттік органдардың жұмысын БАҚ-та кеңінен түсіндіруге арналған тақырыптары бойынша ақпараттың аз берілуі;
2) Жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ БАҚ-тың ресми сауалдары мен сұраныстарына берілетін жауаптарда толық ақпараттың болмауы;
3) БАҚ-та туындаған мәселелерді түсіндіру бойынша біліктілігі төмен спикерлерді ұсыну;
Ақпараттық-түсіндіру жұмысының маңыздылығын ескере отырып, аталған факторларды мемлекеттік органдардың жұмысына да көңіл бөлу керек, - деді Асқар Омаров.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр еліміз 2023 жылға дейін толықтай цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшетіні туралы айтқан болатын.