Үкімет жеке мектептерге төлемдердің кешігу себебін түсіндірді

Жеке мектептерге төлемдердің кешігуі мектептерді қаржыландыру жүйесін цифрландырумен байланысты екені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшіс.і

Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін өңірлерден осы мәселеге қатысты көптеген шағым түскен.

Осыған байланысты Үкімет Қаржы орталығын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылдап, бұл үдерісті толық цифрландыру қажет деп тапқан.

Бұрын бұл қалай жүзеге асатын? Барлық өтінімдер қағаз жүзінде жиналатын, Қаржы орталығы конкурс өткізетін, барлығы жабық режимде және қағаз тасымалдағыштар арқылы жүргізілетін. 12 қарашадан бастап біз “Орта білім” атты жаңа жүйені енгіздік. Қазір кез келген адам осы интернет-ресурсқа кіріп, қанша өтінім түскенін, олардың қаншасы келісімшартқа отырғанын және нақты уақыт режимінде жеке мектептерге қанша қаржы аударылғанын көре алады. Цифрландыру бірнеше дерекқорды біріктірді. Бұрын бір оқушы бірнеше мектепке тіркелуі немесе ондай оқушы мүлде болмауы мүмкін еді. Қазір бұл тәуекелдердің бәрі жойылды. Біз оқушы шынымен бар ма, нақты ма және белгілі бір жеке мектепке бекітілген бе, осы деректердің бәрін тексереміз, – деп түсіндірді вице-министр.

Ол бұл үдеріс белгілі бір уақытты талап еткенін, алайда мемлекеттік қаражатты оңтайландыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға жақсы нәтиже бергенін атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, кейбір жағдайларда мектеп 60 оқушы орнына өтінім беріп, іс жүзінде оған шамамен 600 оқушы тіркелген, ал қаржыландыру сол 600 оқушыға есептеліп берілген. Яғни көрсетілген деректер мектеп мәлімдеген параметрлермен сәйкес келмеген. Ал цифрландыру бұл шығындарды оңтайландырып, конкурстарды өткізу процесін жеделдетуге мүмкіндік берді.

Қазір 847 мектеп цифрландырылды, олардың 765-і келісімшартқа отырды, ал 693 мектеп қаржыландырылды. Барлығы 46 млрд теңге төленді, ал бүгін таңертең қарасам, 48 млрд теңге аударылып үлгеріпті. Сіздер де бұл сайтқа кіре аласыздар: бәрі ашық, бәрі жария. Сонымен қатар барлық жеке мектептердің картасы жасалды: қай қалада қанша мектеп бар екені көрсетілген. Бұл ақпарат барлық пайдаланушыға қолжетімді, – деді Ержан Біржанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы