Үкімет жалдамалы пәтерді қандай жағдайда тартып алатыны белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жалдамалы пәтерлерді үкімет қандай жағдайда тартып алатынын айтты.
Оның айтуынша, жалдамалы үйлерді алған адамдар ол үйде қанша тұрам десе, сонша уақыт тұра алады. Алайда, 6 ай көлемінде аренданы, коммуналдық төлемді төлемесе немесе мүлікті қасақана қиратса, сондай-ақ басқа мақсатта пайдаланса ол үй заң бойынша тартып алынады.
«Жалға алған адам ол үйде қанша тұрам десе де тұра береді. Егер жағдайы жақсарып, басқа жаққа көшем десе, әрине өткізеді. Балалары ержетіп, өз алдына отбасы болып кетуі мүмкін. Алайда үйді алған адам сонда тұра берем десе, оны ешкім қумайды. Тек оны басқа мақсатта пайдалануға болмайды. Мәселен, хостел немесе дүкенге айналдыруына мемлекет жол бермейді», - дейді Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар, ол көпбалалы отбасыларға берілетін үйден өзге үйлерді тапсыру жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын да жеткізді.
«Оралмандар және апатты аймақтан келген азаматтар жергілікті әкімшілікте кезекте тұрса, өзінің кезегімен үйге ие болады. Оларға бөлінетін қаражат жоспар бойынша бөлінуде. Көпбалалы отбасылардың мәселесін шешіп жатқанда оларды ұмытып кетеді деп ойламаңыздар. Ал жастар кезекте жоқ. Дегенмен, Елбасының тапсырмасы бойынша оларға арналған пилоттық жобалар басталды. Ол бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында мың пәтер биыл салынады. Яғни 3 жыл бойы 1 мың пәтерден салынады. Егер бұл жоба жақсы іске асса, онда оны жалғастырудың көзін іздейміз», - деді ол.
Жиын барысында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова көпбалалы отбасыларға берілетін пәтерлердің жоғары бағасы 15 млн теңгені құрайтындығын айтты.
«Алматы қаласы бойынша бұл үйлердің барлығы жаңадан тұрғызылған үйлерде болсын деген шарт қойылды. Қазір «Сұңқар» тұрғын үй кешенінде беріліп жатқан 15 млн теңгенің үйлерінің көлемі 60 шаршы метр шамасында», - деді ол.
Бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды үймен қамту жұмыстары жалғасып жатқанын, сондай-ақ осы жылы 6 мың отбасы пәтермен қамтылатынын айтқан болатын.
Ал «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова көпбалалы отбасыларға 2% несиемен үйлер беріле бастағанын, сондай-ақ қазіргі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 344 отбасы банкке өтінім бергенін, оның ішінде 330 отбасының өтінімі мақұлданғанын айтты.