Үкімет заңсыз жанармай тасымалына қарсы шараларды нақтылады
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен мұнай өнімдері нарығындағы бақылау тетіктерін күшейтуге арналған кезекті кеңес өтті. Жиында ЖЖМ айналымының ашықтығын арттыру, заңсыз сыртқа шығаруды болдырмау және саладағы цифрландыру жұмыстарын жеделдету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Роман Склярдың айтуынша, ішкі нарық жанар-жағармаймен толық және тұрақты қамтамасыз етіліп отыр. Мұнай өңдеу зауыттары мен логистикалық жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұрғаны атап өтілді.
Сонымен қатар көрші елдердегі баға айырмашылығына байланысты жанармайды заңсыз әкету қаупі сақталып отырғандықтан, бұл бағытта жүйелі профилактикалық және бақылау іс-шаралары жалғасатыны хабарланды. Жауапты органдарға шекарада және ел ішінде өзара іс-қимылды күшейту, ІІМ, ҚММ, кеден және шекара қызметтері арасындағы ақпарат алмасуды жеделдету тапсырылды.
Энергетика министрлігіне мұнай өнімдері нарығын цифрландыруды жалғастыру міндеттелді. Атап айтқанда, мұнай базаларын есепке алу құралдарымен жабдықтау және деректерді нақты уақыт режимінде беру – басты басымдықтардың бірі. Заңнамаға енгізілетін түзетулер есепке алудың бірыңғай стандартын қалыптастыруға бағытталмақ.
Роман Скляр Үкіметтің ЖЖМ нарығының ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән беретінін, кез келген анықталған бұзушылықтар бойынша қатаң шаралар қолданылатынын жеткізді. Мемлекеттік органдар бұдан былай мұнай өңдеу зауытыдан бастап соңғы сату нүктесіне дейін жанармай қозғалысын толық мониторингтеуді жалғастырады.