Үкімет тапсырма берді: Баға арзандай ма?

Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында экономика саласындағы бірінші жартыжылдықтың қорытынды есебін тыңдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы, біз осы жылдың соңына дейін экономиканың ең кемі 5%-ға өсуін қамтамасыз етуіміз қажет. Экономиканың орнықты өсуі халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға оң ықпал етеді. Сондықтан күрделі геосаяси жағдайларға байланысты түрлі факторлар мен даму сценарийлеріне дайын болуымыз керек. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары экономиканы әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейтуі қажет, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол тағы да ескерілуі тиіс мәселелерге тоқталды.

Инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында стратегиялық инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет. Инвесторлардың әрқайсысымен тікелей жұмыс істеп, келіссөздердің әр сатысын бақылауға алу керек. Министрліктер мен өңір әкімдіктері осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыруы тиіс. Алдымызда тұрған аса маңызды міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 6 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6%-ға дейін төмендеді. Дегенмен биыл инфляцияны 2 есе төмендету керек. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет, - деп түсіндірді Әлихан Смайылов.

Айтуынша, экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайту.

Бұл жұмыс кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы жүргізілуі тиіс. Біз мемлекеттің экономикадағы ішкі жалпы өнімнің үлесін14,4%-ға дейін қысқартуымыз керек, - деді Премьер-министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы