Үкімет: Су тасқыны кезінде көкөніс сақтау қоймаларына залал келтірілген жоқ

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қазіргі жағдайы мен олардың қолжетімділігіне қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 2024 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының орташа өсім индексі 0,3% құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайыздық тармаққа төмен.

Тоғыз өнім бойынша 0,1%-2,8% шегінде бағаның төмендеуі байқалады, атап айтқанда: ұн, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, сары май, айран, сүзбе, қырыққабат, қант және жұмыртқа.

Дегенмен, статистика бойынша маусымаралық кезеңде және ерте піскен көкөністер сатылымға қойылған кезде пияз, картоп, сәбіз бағасының біршама өскені байқалады.

ҚР АШМ деректеріне сүйенсек, өңірлердің тұрақтандыру қорларында былтырғы өнімнен қалған 76,4 мың тонна көкөніс бар, нақтырақ айтсақ: 45,5 мың тонна картоп, 11,2 мың тонна сәбіз, 10,4 мың тонна пияз, 9,1 мың тонна қырыққабат. Өзбекстан мен Тәжікстаннан және Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен ерте піскен өнім жаппай түскенге дейін көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін Серік Жұманғарин қысқа мерзім ішінде былтырдан қалған барлық өнімді сатыпды тапсырды.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, 12 өңір "Qaztrade" сауда саясатын дамыту орталығының көмегімен импорттық көкөністерді жеткізуге Тәжікстан мен Өзбекстанның мемлекеттік кәсіпорындарымен шарт жасасқан. Сонымен қатар әкімдіктер Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының өндірушілерімен 29,6 мың тонна ерте пісетін көкөністерді жеткізуге келісімшарт жасасты.

Бұған қоса, кеңес барысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі көкөніс сақтау қоймалары мен азық-түлік қоймаларының жағдайына ерекше назар аударылды. Әкімдіктердің мәліметінше, қазіргі уақытта бірде-бір қойма мен оның ішіндегі өнімге су тасқынынан залал келген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: -архив
Өзгелердің жаңалығы