Үкімет шаруаларды «тарыдай шашылған» электронды порталдардың қулықтарын түсінуге жегіп қойды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Бекжанов субсидиялар алудағы қиындықтарға тап болғандарға қатысты Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.
Субсидия алуға өтінім беру рәсімі «Ақпараттық – есептеу орталығының» Qoldau.kz платформасы негізінде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда платформада 218 мың 977 пайдаланушы тіркелген. Qoldau.kz сандық платформасы ақылы негізде жұмыс істейді және қызмет құны алынған субсидия сомасына байланысты. Мәселен, субсидия сомасы 100 мың теңгеге дейін болса, төлем 3 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл шамамен 9 мың теңге. Егер 1 млн теңгеге дейін болса, 10 АЕК яғни 29 мың теңге төлейсің. Осылай кете береді. Онсыз шаруа субсидиядан қағылады. Қызметтің құны неге субсидия көлеміне байланысты екені түсініксіз, - дейді депутат.
Оның айтуынша, өйткені мұнда тек өтінім беру рәсімделеді, оның өзі автоматты түрде жүзеге асырылады. Биылғы жылы бұд қызметті алушылардың саны 218 мыңнан асқан.
Сонымен қатар, шаруалардың көптеген шағымдары платформа арқылы өтініш беру кезіндегі кедергілерге байланысты. Дихандар дала жұмысын атқарудың орнына таң атқаннан күн батқанға дейін компьютерге үңіліп, порталға өтініш беру үшін «мүмкіндіктер терезесін» іздеуге мәжбүр! Бірақ «мүмкіндік терезесінің» қызметі порталдың ашылу уақытын білетіндерге ғана бұйырады екен. Бұл ретте өтінімдерді рәсімдеу мәселесі өңірлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларының жанындағы оператор дейтін «құдіреті күшті» лауазым иелерінің қолында екендігін ұмытпаған жөн. Осы ретте аграршылардың бюджетте қаражаттың болуына қарамастан алдын ала өтінімдерді орналастыруға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да халық арасында бұл жүйені «Qoldau» емес, «Qorlau» деген ұғым қалыптасқан, - дейді Берік Бекжанов.
Ол сондай-ақ мал басын есепке алу Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ақпараттық-талдау жүйесі» (АТЖ) арқылы жүзеге асырылады, онда тіркеу үшін шаруа 8500 теңге және жаңа туған немесе сатып алынған мал басының әр басына 200 теңге төлейтінін де айта кетті.
Бірақ субсидия алу үшін тағы бір ақпараттық жүйеге – «субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне» (САЖ) өтінім беру арқылы тіркелу қажет. Осылайша, шаруа малдың сапасын жақсарту мен өнімділікті арттырудың орнына, ауылдағы интернеттің сапасының төмендігіне қарамастан «тарыдай шашылған» электронды порталдардың қулықтарын түсінуге және онымен ақылы негізде жұмыс жасауға мәжбүр, - дейді депутат.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ақмола облысында вакцина алу үшін ынталандыру шаралары басталды
Келесі жаңалық
Жетісуда алаяқтар азаяр емес
Өзгелердің жаңалығы