Үкімет «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын бекітті
Қазақстан Үкіметі «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
Ұлттық жоба Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданды.
Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту.
«Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат көзделген.
Айта кету керек, бұл соманың көлемді бөлігі, яғни 1,3 трлн теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат.
Жоба аясында айтарлықтай қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады.
Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ.
Мәселен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр.
Жалпы шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет тартылатын болады.
Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланған.