Үкімет Қазақтың ұланғайыр даласында мал өсіретін жер жоғын айтты

Биыл 5 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысының айтуынша, жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше  мал шаруашылығын толыққанды дамыту  мүмкін емес.

Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе. Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі  арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді, - деді Премьер-министр.

Ол өткен жылы  мемлекет пайдасына  5,2 млн гектар жер  қайтарып алынғанын, оның ішінде 4,8 млн гектары жайылымдық жерлер екенін атап өтті. 

Бұған Мемлекет басшысының Агроөнеркәсіп саласындағы  микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін Жарлығы ерекше серпін берді. Бұл жұмыс  биыл да жалғасады. Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда, елді-мекендердің маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды, - деді Әлихан Смайылов. 

Смайыловтың сөзінше, елді-мекендердің маңында жайылымдық жерлердің аз болуы жеке қолдағы мал басының өсуіне шектеу қойып отыр. 

Сол себепті жайылымдарды тиімді пайдалану үшін жағдай жасау қажет. Жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту қажет. Қажет болса, жер қорынан  учаскелер беру керек, - деді Смайылов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы