Бүгiн 2026, 11:05 Фото: Depositphotos.com

Үкімет: Қазақстанда газға қолжетімділік 80%-ға дейін артады

Энергетика министрлігі елді газдандыру қарқынын күшейтіп, көгілдір отынға қолжетімді халықтың үлесін 80%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазақстанда 2035 жылға қарай халықтың газға қолжетімділік деңгейін 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, 2025 жылы Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ арасында «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылған.

Бұл жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміздің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға жол ашады.

Жергілікті атқарушы органдар іске асырып жатқан газдандыру жобалары уақытылы қаржыландырылып, «Есіл – Астана» магистральдық газ құбыры жобасы сәтті жүзеге асқан жағдайда, 2035 жылға қарай еліміздегі газдандыру деңгейін қазіргі 64,2%-дан 80%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр, – деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кетейік, бұған дейін Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болғаны хабарланды.