Бүгiн 2026, 08:43 Фото: magnific.com

Үкімет Петропавлдағы жылу магистралінің құрылысын аяқтауға 650 млн теңге бөлді

Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде тозу деңгейі 80%-дан асқан магистраль толықтай жаңартылып, 30 мыңнан астам тұрғынды, сондай-ақ 200-ден астам көппәтерлі тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үкімет резервінен Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы жылу магистралінің құрылысын аяқтауға шамамен 650 млн теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қаржы Ж. Жабаев – А. Шәжімбаев – Новая – Ы. Алтынсарин көшелері бойындағы жылу желілерінің құрылысын аяқтауға бағытталады. Бұл жоба Мемлекет басшысының еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жобаға сәйкес, 2026 жылы 1,4 шақырым ескі жылу желісі демонтаждалып, оның орнына жаңа құбырлар тартылады. Бұған дейін, 2025 жылы 0,7 шақырым желі жаңартылған болатын. Нәтижесінде ұзындығы 2 шақырымнан асатын №2 жылу магистралін жаңғырту толық аяқталады.

Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде тозу деңгейі 80%-дан асқан магистраль толықтай жаңартылып, 30 мыңнан астам тұрғынды, сондай-ақ 200-ден астам көппәтерлі тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаладағы жылу желілерінің жалпы тозу деңгейі төмендейді.

Үкімет алдағы жылыту маусымына дайындықты ерекше бақылауда ұстап отыр. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бері ел бойынша 10 энергия блогына, 63 қазандыққа және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілген. Бұдан бөлек, 17 мың шақырым электр желісі жаңартылып, 420 қосалқы станса модернизацияланды және 323 шақырым жылу желісі ауыстырылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде электр стансалары жабдықтарының тозу деңгейі 53%-ға, ал жылу желілерінің тозуы 50%-ға дейін төмендеген.