Үкімет неге ықпалды Парламентті тыңдамай кетті?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің депутаттық сауалында Үкіметтің ауыл проблемаларын шешу жөніндегі жұмысын сынға алып, ауылдың өзекті проблемаларына Премьер-Министрдің назарын аударды.

Сенатор атағандай, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің жуырдағы Жолдауында елімізде орын алған қайғылы оқиғалардың қоғамдағы күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелер салдарынан туындағанын атап өтті.

Осы орайда ауыл тұрғындарының өте төмен әлеуметтік жағдайын айту керек. Ауылдағы отбасылардың кейбірі «шықпа, жаным, шықпа» деп күн көруде. Мәселе – жалған статистиканың ауылдағы нақты жағдайды жасыратындығында. Біз, бір топ сенаторлар, Үкімет басшысына ресми органдар ұсынған бояма сандардың ауыл өмірінің шындығына сәйкес келмейтіндігін қанша айтып келдік. Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны 181 мың адам немесе 4,7%. Бірақ іс жүзінде жұмыссыздық халықтың бағын ашпас соры болды. Біз еліміздің барлық аудандарында ауыл тұрғындары арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоқтығын «басты мәселе» деп атады. Осы сауалнамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады? – деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның сөзінше, жылдан жылға ауыл халқының қалаларға көшуі ұлғаюда. Тек 2019-2020 жылдары ауылдан қалаға 880 мың адам қоныс аударған.

Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды.
Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ? Ауылдық аймақтардың ахуалын реттеу-экономикалық қана емес, ел үшін саяси, стратегиялық маңызды, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселе. Осыдан бір жыл бұрын Сенатта ауылдарды дамыту бойынша парламенттік тыңдау өткізіліп, оның қорытындысына сәйкес Үкіметке нақты ұсыныстар берілді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ұсыныстардың негізгі тармақтарының ешқайсысы орындалған жоқ. Ықпалды Парламентті Үкімет осылай тыңдау керек пе?! Неге Үкімет Сенатқа құлақ аспайды? – деп сенатор Үкіметті сынға алды.

Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасына, яғни «Ауыл - Ел бесігі» жобасына жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Егер бізде осы стратегиялық маңызды мәселе бойынша дербес бағдарламалық құжат болмаса, ауылды басымдықпен қалай дамытамыз?

Екіншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін Ұлттық экономика министрлігінің қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру ұсынылды, өйткені өндірісті дамыту және ауылда жұмыс істейтіндер үшін қолайлы жағдай жасау таразының екі жағындай ішкі байланыстағы мәселелер болып табылады, нақтырақ айтсақ, кез келген ауылды дамытудың негізінде ауыл шаруашылығы өндірісі жатыр. Ауылда болып жатқан жағдайдың мәнін түсінбегендіктен, Ұлттық экономика министрлігінің ауылдық елді-мекендерді дамыту әлеуетін айқындау кезінде экономиканы емес, халықты жұмыспен қамтуды мәселесін емес, демографияны бірінші орынға қоюына алып келді.

Үшіншіден, ауылдық жердегі және ауыл шаруашылығындағы басты проблемалардың бірі – кадрлардың тапшылығы. Ашығын айту керек, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы тиісті түрде жұмыс істемейді және онда көзделген мемлекеттік қолдау шаралары қайта қарауды талап етеді.

Сенаторлар ауыл жастары үшін жоғары білімнің қолжетімсіздігін Үкіметтің назарына бірнеше рет жеткізді. 

Жақында бейбіт митингтерге шыққандардың көпшілігі - ауылдан келіп, лайықты білім мен жұмыс таба алмаған жастар болған жоқ па? Біз мемлекеттік білім беру гранттарын және степендияларды тағайындау тетіктерін өзгертуді, оларды тек ҰБТ нәтижелерінің негізінде ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қолдаусыз оқи алмайтындарға әлеуметтік қолдау ретінде бөлуді ұсындық. Бірақ, өкінішке қарай, бұл депутаттық сауалымызға кеңсе әдеті бойынша сырғытпа жауап алдық, - деп толықтырды ол өз сөзін.

Ақылбек Күрішбаев екі Парламенттік тыңдаудың ұсынымдары мен депутаттық сауалымызда Білім және ғылым министрлігіне аграрлық мамандықтарға түсушілер үшін ауылдық квотаны 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайту ұсынылғанын айтты. 

Негіздеме айқын, бұл ауыл мектептерінің түлектеріне жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін көтеріп қана қоймай, диплом алғаннан кейін оларды ауылда жұмысқа орналастыру мүмкіндігін де арттырады. Бірақ бұл депутаттық сауалымызға «соңғы 3 жылда аграрлық мамандықтар бойынша игерілмеген білім беру гранттарының саны 3778 бірлікті құрады» деген жауап келіп түсті. Бірақ талдау көрсеткендей, бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Сізден ҚР Парламенті Сенатына осындай жауап жібере салатын орындаушыларды анықтап, жазалауды сұраймын, - деді ол.

Сенатордың айтуынша, еліміздегі ауылдарды дамытуға ірі ауыл шаруашылығы компаниялары қомақты үлес қоса алар еді. 

Қазір бірқатар ауылдық елді мекенді онда шоғырланған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының өтеусіз көмегі есебінен ұстап тұрмыз. Сонымен қатар елімізде әкімдердің шешімдерінің арқасында ірі жер пайдаланушыларына (латифундистерге) айналған бірқатар үлкен компания бар, олар ауыл тұрғындары айтқандай «ауылдың ішкі жағдайына бас ауыртпай, егін егуге және егін жинауға ғана келеді».

Біздің ойымызша, Үкімет және жергілікті атқарушы органдар ірі ауыл шаруашылығы компанияларын ауылдық аймақтарды дамытуға тарта отырып, ауылдық инфрақұрылымды салу және жөндеу,кадрларды даярлау, өзінің жалдамалы жұмысшыларының жалақысын арттыру, жер үлесі иелеріне лайықты ақы төлеуді қамтамасыз ету, ауылда кооперацияны дамыту үшін қызмет көрсететін кәсіпорындар (якорлік өндірістер) құру, ауылдық елді-мекендердің жайылымдарын олардың тұрғындарына қайтару жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет, - деп толықтырды сенатор Ақылбек Күрішбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы