Үкімет мүшелері қандай екпе салдырады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов Үкімет мүшелерінің қашан және қандай екпе салдыратынын айтты.

Олар мемлекеттік қызметшілермен бірдей екпе салдырады. Бұл кезең медицина қызметкерлерін, педагогтарды, әскери қызметшілерді толыққанды вакцинациялау жүргізілгеннен кейін басталатын болады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге вакцинация жүргізу қарастырылған, - деді ол.

Қиясов сонымен қатар Үкімет мүшелері мен депутаттар дәл сол кезде қолжетімді вакцинамен егілуді жоспарлап отырғанын түсіндірді.

Вакцинация қарқынына сүйенсек, бұл «Спутник V» вакцинасы болуы мүмкін. Кесте шамамен қойылған. Наурыз айының соңы мен сәуірдің басына келеді деп болжап отырмыз, - деді бас санитар.

Еске салайық, ол бұған дейін 65 жастан асқан азаматтарға, олардың медициналық қарсы көрсеткіштерін ескере отырып, вакцина салуға рұқсат етілгенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ бас санитардың айтуынша, вакцинация елдің барлық өңірінде жүргізіліп жатыр. Бас-аяғы 786 екпе салу пункті орнатылған. Қазір оның 170-і қолданыста. Барлық пункт тиісті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Тоғыз мыңнан астам медицина қызметкері оқытылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы