Кеше 2026, 08:54 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Үкімет медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудың кешенді жоспарын бекітті

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026-2030 жылдарға арналған медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдіру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоспар Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындауға бағытталған. Құжат медициналық қызметтердің сапасын бақылау мен басқарудың деректерге, цифрлық құралдарға және жасанды интеллект технологияларына негізделген жаңа моделін енгізуді көздейді.

Жүйені дамытудың негізгі бағыттары:

  • медициналық қызмет саласындағы реттеуші құралдарды жаңғырту;
  • жасанды интеллект негізінде сапа сараптамасының жаңа моделін енгізу және Ұлттық сапа институтын құру;
  • кәсіби медициналық қауымдастық пен пациенттердің рөлін күшейту;
  • сапаны басқару жүйесін цифрлық трансформациялау.

2028 жылдан бастап ТМККК және МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымдар үшін міндетті аккредитация енгізу жоспарланған. Сонымен қатар лицензиядан кейінгі бақылау процестері цифрландырылады.

Сондай-ақ Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы базасында Ұлттық сапа институты құрылып, оның қызметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы техникалық қолдауымен жүзеге асырылады.

Жоспарды іске асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай медициналық қызметтердің сапасын арттыру, медициналық ұйымдар жұмысының ашықтығын күшейту және басқарушылық шешімдерді деректер негізінде қабылдау көзделіп отыр.