Үкімет кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасауы керек - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы мемлекеттік органдардың кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу әдістерін сынға алды.

Еліміз үшін ауыр сынақ болған «қаңтар қасіреті» барлығымыздың жүрегімізге жара салды. Өйткені жазықсыз азаматтардың қаны төгілді. Дәл осы күндері мемлекетіміздің тағдыры қыл үстінде тұрғаны анық еді, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Депутат атап өткендей, ел басына осындай ауыр күн туғанда қарапайым халқымыз сабырлық танытып, жергілікті билікке, полицияларға қолдау көрсетті. 

Содырлар мен бұзақылар тиісті жазасын алатынына ешкім күмән келтірмейді. Тек бейбіт шеруге шыққан азаматтарымыз жазықсыз жапа шекпеуі керек, - деп атап өтті ол.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу кезінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын енгізу қажеттігі туралы мәселені көтерді. Сенатордың айтуынша, қазіргі көзқарас пен мұндай статистиканың нәтижелері сенімді емес.

Жергілікті атқарушы органдар, Үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келеді. 2021 жылы Үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейшілік деңгейі 4,5%-дан аспайды деген ресми ақпарат берді. Осы шындыққа сәйкес келе ме? Біздің есебіміз бойынша қазір елімізде 2 млн азаматымыз екі қолға бір күрек таппай жүр. Елдегі осы кезге дейінгі кедейлік деңгейін анықтауда қолданып келе жатқан қазақстандық тәсіл кедейлікті төмендетіп көрсетіп келеді. Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттарға шығуға бізге не кедергі болып отыр? Деректерге сүйенсек, бір млн-ға жуық бала ең кедей отбасында тұрып жатыр. Сондықтан да Үкімет бірінші кезекте кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасауы керек. Келешекте жалған статистикадан толыққанды арылу қажет, - деді сенатор өз сөзінде. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары Парламентке Үкіметтен келіп түсетін заң жобалары «шикі» қалпында келеді. Шынайы жағдай терең зерттелмейді, талдау нашар жасалады. Ең басты мәселе – заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындауды қолға алу керек. 

Сенатор сонымен қатар мемлекеттік органдардың Үкіметтің депутаттық сауалдарға жауап беруге деген көзқарасын сынға алды.

Сенаттағы әріптестер тарапынан қоғамда әр түрлі салаға қатысты депутаттық сауалдар Үкімет басшысына, Үкімет мүшелеріне жолданып жатады. Бірақ олардың берген жауаптары нақты емес екі ұшты болып келеді. Сондықтан да депутаттық сауалдарға бір жапырақ қағазбен қайтаратын жауаптарды доғару керек. Депутат сауалына жан-жақты зерделеп жауап беруді жолға қойсаңыз деймін, - деді ол. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы