Үкімет: Ел аумағынан өтетін транзит 35 млн тоннаға дейін ұлғаяды

2030 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит көлемі 35 млн тоннаға дейін ұлғаятын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай көрсеткіштер еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында қарастырылған. 

Жаһандық жүк тасымалының қайта бөлінуіне байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің (Қазақстан-Түрікменстан-Иран бағыты бойынша) инфрақұрылымына жүктеме артты, бұл өз кезегінде «тар» жерлерді анықтауға мүмкіндік берді. 

Сондықтан қазір баламалы көлік дәліздерін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Атап айтқанда, 2022 жылдың қарашасында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия өкілдері бір мезгілде осы «тар» жерлерді жою және 2027 жылға дейін TMTM бағытын дамыту үшін «Жол картасына» қол қойды. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы шеңберінде теңіз инфрақұрылымын дамытудың, оның ішінде Құрық портын толыққанды логистикалық кластер ретінде қалыптастырудың кешенді жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Сондай-ақ бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, былтыр Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Осының арқасында учаскенің өткізу қабілеті 5 есеге дейін ұлғайып, Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдау көлемі артады. 

Қазір Алматы станциясының айналма теміржол желісін салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуде. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісін салу жоспарланған. «Достық» және «Алтынкөл» шекаралық теміржол станцияларындағы жүктемені азайту мақсатында, сондай-ақ ҚХР мен ҚР арасындағы өткізуді арттыру үшін «Бақты-Аягөз» теміржол желісін салу жоспарланған. 

Ақтау теңіз портында қуаттылығы 300 мың жиырма фут эквивалентке дейінгі Каспий «контейнерлік хабы» құрылып жатыр. TХКБ дамыту бойынша Жол карталары шеңберінде тарифтік саясат мәселелерімен, жүктерді өңдеумен және маршруттағы көлік процестерін жеңілдетумен айналысатын Бірлескен кәсіпорын құрылды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы