Үкімет экономиканы тиімді өсіру бағдарламасын әзірлейді

Жуырда Үкімет экономиканы тиімді өсіру бағдарламасын әзірлейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді. 

Айтуынша, экономиканың тұрақты өсуінің драйвері нақты сектор болып қала береді.

Біз күш-жігерді капиталды көп қажет ететін және перспективалы салаларға шоғырландырамыз: бұл өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және инфрақұрылым. Осы секторлардағы мемлекеттік қолдау нүктелі, бағытталған және барынша нәтижелі болады. Биыл автомобиль және темір жол инфрақұрылымын дамытуға 2 трлн теңге мемлекеттік кепілдіктер беру көзделген, бұл 12,1 мың км автожолдар мен 5 мың км темір жолдарды салу және жаңғыртумен қамтуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары. 

Сондай-ақ жақын арада Үкімет экономиканы тиімді өсіру бағдарламасын әзірлейтін болады.

Осы мақсаттарға қол жеткізуге «Бәйтерек» холдингінің қаржы ресурстары тартылды, ол басым бағыттарды қолдауды белсенді түрде арттыруда. 

Тек бірінші жартыжылдықта "Бәйтерек" желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 2,9 трлн теңгені құрады. Қаржыландыруды жыл соңына дейін 8 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бұл экономикаға шамамен қосымша 1,3 пайыздық тармақ өсім береді. Холдингті бюджеттен капиталдандыру екінші жартыжылдықта жалғасатын болады. Бұл біздің нақты сектордың мүмкіндіктерін кеңейтуге қосқан тікелей үлесіміз, - деді Серік Жұманғарин.

Еске салайық, бүгінгі Үкімет отырысындағы жиында 2025 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері талқыланады.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Үкімет отырысы мен баспасөз мәслихатының тікелей көрсетілімі BAQ.KZ сайтында жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы