Үкімет бюджет тапшылығын қалай төмендетпек?
Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет бюджет тапшылығын алдағы жылдары қалай төмендететінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министрге бюджеттің орындалуына қатысты сын айтқан болатын.
Премьер-министр депутатқа елдің көкейінде жүрген өзекті мәселені көтеріп отырғанын атап өтті.
Біріншіден, мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатыр. Орындайды да.Бұған бізде ешқандай күмән жоқ. Жалпы экономикалық ахуал тұрақты. Бірақ сіз айтып өткен мәселелер жоқ емес, бар. Ол өздеріңіз білетіндей, бір күнде пайда болған проблемалар емес. Бірнеше жылдар бойы қалыптасып жатқан проблема. Үкімет қазіргі таңда оның бәрін шешу үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр, - деді Бектенов.
Ол атағандай, елімізде Үкіметтің бастамасымен салық реформасы жүріп жатыр. Жақында ғана жаңа Салық кодекс қабылданды.
Осы бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, депутаттық корпусқа конструктивті ортақ жұмыс үшін алғысымды білдіремін. Жаңа Салық кодексінің арқасында біз келесі жылдан бастап республикалық бюджетке қосымша шамамен 3 триллионнан астам түсімдер түседі деп есептеп отырмыз. Бұл ақшаның бәрі тек даму мақсаттарына бағытталады. Даму мақсаттар дегеніміз - ол бірінші кезекте ірі инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу, электр қуат көздерін, автомобиль және темір жол жолдарының желісін дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту басқа-басқа, осындай өте маңызды міндеттерге жолданады. Ал бұл салалар ол мына ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге негіз қалайтын салалар, - деп атап өтті Премьер-министр.
Сондықтан Үкімет осы бағыттарда белсенді әрі тиімді жұмыс жасайтын болса, елімізде тұрақты экономикалық өсім болады. Оның нәтижесінде салықтық база кеңейеді және республикалық бюджетке қосымша қайтадан түсімдер түседі. Соның арқасында мемлекет өз міндеттемелерін әрі қарай да міндетті түрде орындайды.
Ал қазір біз келесі 3 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын Үкіметте дайындап жатырмыз. Өте қызу жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда алдын ала айтатыным, біз 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7 пайыздан 2,5 пайызға дейін төмендетеміз деген жоспарымыз бар. 2027 жылы 1,8 пайызға дейін, ал 2028 жылы 1,4 пайызға дейін бюджет тапшылығын төмендетеміз деп жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы Ұлттық қордың қаражатын, бюджет тапшылығын жабу үшін емес, тек қана республикалық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды салуға жұмсау керек деп бізге нақты тапсырма қойды. Біз осы тапсырманы мүлтіксіз орындаймыз, - деп жауап берші Үкімет басшысы Олжас Бектенов.