Үкімет бизнесті қолдау шараларын әзірледі

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында кәсіпкерлік-қоғамдастықпен бірлесіп, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын кеңейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министр микро және шағын бизнесті қолдауға баса назар аударылып отырғанын атап өтті.

Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы тапсырмаңызға сәйкес, микро және шағын бизнес субъектілеріне арналған қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау шараларын бір жүйеге келтіретін "Іскер аймақ" бағдарламасы бекітілді, - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар қолданыстағы құралдардың ШОБ-тың барлық әлеуетін ашуға жеткіліксіз екені айтылды. 

Осыған байланысты Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, бизнесті қолдаудың қосымша қаржылық және реттеушілік шараларын әзірлеуде: Негізгі шаралардың бірі шағын және орта кәсіпорындарды заманауи жабдықтармен қайта жарақтандыру бағдарламасы болмақ. “Бәйтерек” холдингі желісі бойынша арнайы бағдарлама кәсіпкерлерге 10 күн ішінде қосымша кепілсіз заманауи станоктарды сатып алуға жеңілдікті несие алуға мүмкіндік береді. Бұл бизнеске бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және тозған материалдық-техникалық база мәселесін шешуге мүмкіндік береді, - деді Бектенов.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында айтқан ұстанымын ескере отырып, жаңа Салық кодексіндегі өзгерістердің бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, оны жетілдіруге қатысты бизнес субъектілерінің сындарлы ұсыныстарын ескеру маңызды. Бұған дейін 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңдегі барлық салықтық тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған болатын. Сонымен қатар биыл микро және шағын бизнеске жол берілген заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік шаралары қолданылмайды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 5%-ға артып, 2,2 млн кәсіпорыннан асты. Секторда жұмыспен қамтылғандар саны 3,9%-ға өсіп, 4,5 млн адамды құрады, бұл жұмыспен қамтылғандардың шамамен 46%-ы және елдің барлық экономикалық белсенді халқының жартысына жуығына сәйкес келеді.

Жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесі 40,5%-ды, өнім шығару көлемі шамамен 73 трлн теңгені құрады.

Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы