Үкімет бизнеспен бірлесе жұмыс істеуге дайын – Премьер-министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов хабарлады.
Оның айтуынша, отандық кәсіпкерлер кеңесімен бірге инвестициялық ахуалды және бизнес ортаны әрі қарай жақсартуға бағытталған шаралар іске асырылады.
Сондай-ақ, инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Онда негізінен жеке инвестицияларға басымдық беріледі. Бізге еліміздің экономикасын қалпына келтіру мен дамытудың драйвері болатын жобалар қажет. Қазақстандық бизнесті отандық экономикаға белсенді түрде инвестиция салуға шақырамын. Ал мемлекет, өз кезегінде жеке меншіктің және заң үстемдігінің тұрақтылығына кепілдік беруі тиіс. Инфрақұрылым бизнестің бәріне бірдей қолжетімді болуы қажет, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол билік пен бизнес бірлесе жұмыс істейді деп отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, билік пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылы әлеуметтік тұрақтылықтың негізін құрайды. Үкімет бизнеспен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Баршаңызды Президент белгілеген міндеттерді іске асыруға «Атамекен» палатасының шеңберінде және жақында құрылған Үкімет жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің жұмысына белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Үкімет пен бизнес-қоғамдастықтың ортақ күш-жігерінің арқасында ғана жетістіктерге қол жеткізуге және барлық қиындықтарды еңсеруге болады, - деді Премьер-министр.