Үкімет басшысының тапсырмасы: ЖОО түлектері сұраныста болуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов хабарлады. 

Сондай-ақ ол мемлекет, кәсіпорындар мен оқу орындарының арасындағы жауапкершілік анық бөлінгенде ғана кадр даярлаудың сапасы қамтамасыз етілетіндігін алға тартты. 

Мұны әлемдік тәжірибе де анық көрсетіп отыр. Сондықтан әкімдіктер колледждер мен кәсіпорындардың өзара тиімді әріптестік орнатуы үшін шаралар қабылдауы қажет. Яғни колледждерді қамқорлыққа алу, дуалді оқыту жүйесін дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Мамандарды алдын ала даярлау үшін Жаңа кәсіптер атласын да пайдаланған жөн. Онда болашақта қажет болатын мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын қамту керек, және ол үнемі жаңартылып отыруы тиіс. Ең бастысы – колледждер мен университеттердің түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болуы керек, - деп атап өтті Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, кадр даярлауда мамандарға деген қазіргі сұраныспен қатар, еңбек нарығының болжамды деректері де негізге алынуға тиіс.

Бұл міндеттердің барлығы 2025 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында ескерілуі керек. Сонымен қатар мына мәселелерді атап өткім келеді. Біріншіден, Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, қысқа мерзімді оқытуды ұлғайту мәселесін пысықтап, оның тиімділігіне мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін. Екіншіден, Еңбек министрлігі «Атамекен» палатасымен және  салалық мемлекеттік органдармен бірге өңірлердің кадрларға деген сұранысын болжаудың жаңа тәсілдерін енгізу, жаңа кәсіптік стандарттарды әзірлеу және қолданыстағы стандарттарды жаңарту, біліктіліктерді тәуелсіз бағалауды жүргізу шараларын  қабылдасын, - деді Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ ол бұл тұрғыда аймақтардағы атқарушы органдардың рөліне тоқталды. 

Үшіншіден, өңір әкімдіктері техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға жергілікті бюджеттен бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту, «Жас маман» жобасының негізінде колледждерді жарақтандыруға қаражат бөлу, кәсіпорындармен бірге мамандарды нысаналы түрде даярлауды жолға қою шараларын қабылдасын, - дейді Премьер-министр.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы