Үкімет басшысы Жезқазған тұрғындарына берілетін ауыз су сапасы жақсартылатынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының Үйтас-Айдос және Қожамсейіт су тартқышын реконструкциялауға қатысты сауалына жауап берді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 қазандағы Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте берген тапсырмасын іске асыру аясында 4 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде: Жезқазған қ. ҚОҚС-қа дейін су тартқышты сала отырып, Үйтас-Айдос су тартуының II көтергішінің сорғы станциясын реконструкциялау; жұмыс істеп тұрған ұңғымаларды реконструкциялау, жұмыс істемейтін ұңғымаларды және Айдос кен орнының құрама коллекторларын қайта бұрғылау; жұмыс істеп тұрған ұңғымаларды реконструкциялау, жұмыс істемейтін ұңғымаларды және Үйтас кен орнының құрама коллекторларын қайта бұрғылау; Қожамсейіт кен орнының су қабылдағышын салу, - делінген Үкімет басшысының жауабында.
Оның атап өтуінше, аталған жобалар бойынша мемлекеттік сараптамалардың оң қорытындыларын алғаннан кейін жобаларды іске асыруды бастау үшін қаржы қаражатын бөлу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Аталған су тартқышты салу мен қайта жаңартуды іске асыру 2022-2024 жылдары жоспарланып отыр. Бұдан басқа, Үйтас-Айдос су тартқышының мүлкі коммуналдық меншіктен республикалық меншікке берілді. Үйтас-Айдос су тартқышының мүлкін республикалық меншікке қабылдаудың экономикалық орындылығы су тартқышты республикалық бюджет қаражаты есебінен реконструкциялағаннан кейін Үйтас-Айдос жер асты сулары кен орнынан ауыз судың түсу көлемі 30-дан 70 пайызға дейін артуымен байланысты, соның нәтижесінде Жезқазған қаласының тұрғындарына берілетін ауыз судың сапасы едәуір жақсарады, - деп атап өтеді Әлихан Смайылов.