Үкімет басшысы: Шекарадағы өткізу пункттерін дамытуды жылдамдату керек

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында шекарадағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы шекарадағы өткізу пункттерін дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл пункттер – көлік-логистикалық кешеннің негізгі элементтері. Қабылданған шаралардың арқасында Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы өткізу уақыты 2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. Үкімет бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруы керек, – деді ол.

Премьер-министр Қаржы министрлігіне Көлік министрлігі, әкімдіктер және Шекара қызметімен бірге жыл соңына дейін 8 өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтауды тапсырды.

Кеден бекеттерінің айналасындағы инфрақұрылымды дамыту да маңызды. Қоймалар, сервистік нысандар, тауарларды сақтау, сұрыптау және тасымалдауға арналған инфрақұрылымға инвестиция салуға дайын инвесторлар бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды қаржылық және министрліктер арасындағы үйлестіру арқылы нақты шаралармен күшейту керек, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, ол ірі инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажеттігін, бірақ орнықты инвестициялық модель – орта және шағын инвесторлармен жүйелі жұмыс екенін атап өтті.

Инвестицияға тапсырыс тетігін жетілдіру – жаңа буынның ғылымды қажет ететін өндірістерін құрудың негізгі қозғаушы күші болуы тиіс, – деді ол.

Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын жедел дайындауды тапсырды.

Еске сала кетейік Премьер-министр "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы