Үкімет басшысы: Сапалы өнімге сұраныс тоқтамайды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ақмола облысына жасаған сапары кезінде Көкшетаудағы «Гормолзавод» кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Қазіргі уақытта аталған кәсіпорын өнім түрлерін кеңейтуде. Былтыр зауытта тәулігіне 60 тонна сүт өнімдерін шығаратын жаңа цех іске қосылды. Инвестицияның жалпы көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды. 

Премьер-Министр цехтарды аралап, өнім ассортиментімен танысу барысында кәсіпорын жұмысына оң баға берді.

Кәсіпорынның шығарған сүт өнімдері елордада да кеңінен танымал екені белгілі. Сапалы өнімге сұраныс тоқтамайды. Әрі жарналауды да қажет етпейді, - деп атап өтті ол.

Бастапқы уақытта «Гормолзавод» ЖШС сары май мен балмұздақ өндіруші ретінде ғана танымал болғаны белгілі. Соңғы жылдары дүкен сөрелерінде өнім ассортименті молайды.

Дайын өнім Ақмола облысымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында және Ресей Федерациясында босатылады. 2018 жылы кәсіпорын ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.

«Гормолзаводтың» барлық өнімдері табиғи шикізаттан жасалады. 

Сүтті қайта өңдегеннен кейін кальций мөлшері төмендемейді, өйткені біз ультрапастерлеу әдісін қолданбаймыз. Бұл пайдалы заттар мен элементтерді сақтауға мүмкіндік береді. Жаңа қаптама мен инновациялық жабдықты қолдана отырып, өнім өндірудің жылдар бойы жалғасып келе жатқан үрдісі табиғи өнімдердің барлық артықшылықтарын сақтауға және сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті кәсіпорын директоры Ерсайын Жақсылықов.

Серіктестіктің бөлшек сауда дүкендері мен өзінің дистрибьюторлық желісі арқылы сатуды ұлғайтуға арналған маркетингтік стратегиясы тауардың едәуір бөлігін алыпсатарлардың негізсіз көтеруіне жол бермеуге бағытталған.

Біз серіктестерімізбен келісімшарт жасаймыз. Кәсіпорын брендін пайдаланушылар анықталса, бірден құқық қорғау органдарының қызметіне жүгінеміз, - дейді кәсіпорын директоры.

Премьер-Министр кәсіпорындағы шешімін күткен проблемалар жайлы сұрады.

Негізгі мәселе – шикізат. Кәсіпорынның өндірістік қуатын кеңейту үшін «Атамекен» палатасымен кадр даярлау мәселесі қолға алынды. Осы ретте жергілікті колледждермен де тығыз байланыс орнатудамыз. Көп жағдайда барлығы агроөнеркәсіптік кешен саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдауға байланысты. Жаңа жобаларды мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен іске асыруды жоспарлап отырмыз. Қазір шетелдік арзан өнімдер де көп. Мемлекет сүт өңдеушілерге жақсы қолдау көрсетуде. Бұл отандық кәсіпорындарға дайын өнімнің бағасын ұстап тұру немесе төмендету жолымен бәсекеге қабілетті болып қалуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді кәсіпорын директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы