Үкімет басшысы министрлер мен әкімдерге тапсырма берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов министрлер мен әкімдерге тұрақты жұмыс орындарын ашуға қатысты тапсырма берді.
Үкімет басшысы Президенттің тапсырмасы бойынша биылдан бастап мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкімдіктердің жұмысының тиімділігі жаңа жұмыс орындарын құру бойынша KPI-ға қол жеткізу негізінде бағаланатынын әріптестерінің есіне салды.
Осыған байланысты Премьер-министр оларға тапсырма берді.
Еңбек министрлігі салалық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және бизнеспен бірлесіп, жобалар мен бағдарламаларды іске асыру есебінен тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді қамтамасыз етсін. Сондай-ақ Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жастармен және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтармен жұмыс істеу үшін жұмыспен қамту орталықтарында «бір терезе» тәсілін қамтамасыз етсін, - деді Смайылов.
Сонымен қатар Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық платформалар аясында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктер беру үшін заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Еңбек министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, 25 маусымға дейін әкімдерді бағалау үшін әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда кемінде 100 жаңа жұмыс орны индикаторын белгілеп, жаңа жұмыс орындарын нақты есепке алу әдістемесін бекітсін. Әкімдіктер субсидияланатын жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушылардың кемінде 60%-ін тұрақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етсін, - деп тапсырма берді Әлихан Смайылов Үкіметте.