Үкімет басшысы келесі жылы инфляция 9,5%-ға төмендейтінін айтты
Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемдік сарапшылар әлем экономикасы рецессия сатысына өткенін айтуда. Сонымен қатар біз орташа мерзімді кезеңде тұрақты экономикалық дамуға бағытталған экономикалық саясатты іске асырып отырмыз. Инфляцияға қатысты айтар болсам, Ұлттық банкпен бірге оны тежеу бойынша жүйелі және шұғыл шаралар кешенін жүзеге асырудамыз, - деді Премьер-министр.
Айтуынша, жүйелік шаралар ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға бағытталған.
Шұғыл шаралар – бұл логистика, монополияға қарсы, ішкі сауданы реттеу, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерін заңмен белгіленген 15% үстема бағасын бақылау, форвардтық сатып алу, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру мәселелерін қамтиды. Қолданылып жатқан шаралар арқылы инфляция 7,5%-дан 9,5%-ға дейін және келесі жылдары одан да төмен деңгейге түседі деп есептейміз, - деді Әлихан Смайылов.