Үкімет басшысы Хромтаудағы бірегей фабрика жұмысымен танысты

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Хромтау ауданында ашылған Дөң тау-кен байыту комбинатының шламдарын өңдеумен айналысатын «Қазхром» ТҰК» АҚ бірегей байыту фабрикасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәліметінше, жыл сайын хром кенін майдалау процесінде Дөң тау-кен байыту комбинатында шамамен 900 мың тонна шлам жиналады. 

Қазір жалпы көлемі 14,5 млн тоннаны құрайтын оның құрамында 35%-ға дейін хром оксиді бар. Озық стандарттар бойынша технологиялық және автоматтандырылған байыту фабрикасы шламдардан гравитациялық әдіспен хром оксидін алуға мүмкіндік береді. Алынған тауар концентратында кем дегенде 48,5% хром оксиді болады. 

Жалпы жаңа кәсіпорын жұмыс істеп тұрған өндірістердің қалдықтарын және бұрыннан жиналып келген шламды жылына шамамен 1,7 млн тонна көлемінде қайта өңдеп отыруға мүмкіндік береді. 

Премьер-министр зауыттың жергілікті экологияны жақсаруға айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті. 

Бұл жобаның маңызы зор. Ең бастысы – қайта өңдеуден кейін қалдықтардың қоймаларын қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына зиян келтірмейтіндей етіп, барлық экологиялық стандартқа сәйкес қалпына келтіру қажет. Үкімет осы және басқа да шикізатты қайта өңдеу жобаларына жан-жақты қолдау көрсететін болады, - деді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы