Үкімет басшысы: Егіс жұмыстарының сапалы жүргізілуі - елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ауа райының қолайлы мерзімін ұтымды пайдаланып, егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу – қамбадағы мол астықпен бірге, елдің азық-түлік қауіпсіздігінің де кепілі.
Үкімет науқандық жұмыстарды қаржылай, материалдық және техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімді қабылдады. Өздеріңіз білетіндей, бұрын қалыптасқан тасымал бағыттарының бұзылуы және әлемдік азық-түлік нарығында бағаның өсуі тұқым мен агрохимия өнімдерінің, қосалқы бөлшектер мен ауыл шаруашылығы жабдықтарының құнын қымбаттатып жіберді. Сондықтан фермерлерді қолдау үшін бюджеттік кредиттің жалпы сомасын 140 млрд теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылдадық, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Айтуынша, бұған қоса, ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу арқылы қаржыландыруды екі есеге, яғни 80 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан.
Жалпы агроөнеркәсіп саласына бюджетті нақтылау кезінде қосымша 298 млрд теңге қаржы бөлінді. Дизель отынының қажетті көлемі нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен бағамен жеткізілді. Отандық өндірушілермен келісімге келіп, минералдық тыңайтқыштардың бағасы төмендетілді. Айта кету керек, биыл агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау жүйесі өзгерген жоқ. Осылайша, биыл фермерлерге мемлекеттік қолдау күшейтіліп көрсетіліп келеді. Былтыр құрғақшылық болғанына қарамастан, бидайға деген ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз еттік. Экспорттық міндеттемелерді орындап, қажетті қор жинап алдық, - деді Әлихан Смайылов.