3 Қараша 2026, 12:40 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмекке қатысты шағымдарды бақылауды тапсырды

Министрлік азаматтардың дәрілердің сапасы мен кері әсеріне қатысты шағымдарын назардан тыс қалдырмауы керек.

Қазақстанда дәрілік қауіпсіздікті нығайту, отандық фармацевтика өндірісін дамыту және халықты қажетті препараттармен үздіксіз қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Бұл мәселелер Үкімет отырысында қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өндірісті кеңейтіп қана қоймай, дәрі-дәрмектің сапасы мен қолжетімділігіне де баса назар аудару қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысының сөзінше, дәрілік заттармен қамтамасыз ету – халықтың денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Бұл ретте фармацевтика саласының тұрақты жұмысы елдің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі саналады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және шығарылатын дәрі-дәрмек түрлерінің ауқымын кеңейту бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мұның барлығы еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, ендігі міндет – дәрілік заттар өндірісінде толық циклді жолға қою. Яғни, тек дайын өнімді қаптап, ораумен шектелмей, препараттарды өндірудің барлық кезеңін ел ішінде жүзеге асыру қажет.

Президентіміз Жолдауда өнімді терең өңдеуді көздейтін жобаларға басымдық беру керектігін атап өтті. Сондықтан жай ғана қаптаудан бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуға тиіс, – деді Премьер-министр.

Осы бағытта фармацевтикалық жобалар бойынша инвестициялық келісімдер жасалып, жер телімдері бөлінген. Алайда Үкімет басшысы мұнымен шектелуге болмайтынын ескертті. Енді жобаларды нақты іске асырып, жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыру қажет.

Бұдан бөлек, елімізде дәрілік заттардың тағы 500-ге жуық түрін өндіру жоспарланып отыр. Бұл бастама аясында 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.

Отандық дәрілердің түрлерін көбейтіп, сырттан әкелінетін өнімдерге тәуелділікті азайту бағытындағы жұмысты жалғастыру керек. Сонымен қатар бағаның қолжетімді болуына, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет. Емделушілер өздері қабылдайтын препараттардың сапасына толық сенімді болуы тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Дәрі сапасы мен қауіпсіздігі бақылауда болуы керек

Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілік препараттардың жағымсыз әсеріне қатысты азаматтардың шағымдарын тұрақты бақылауды тапсырды. Оның айтуынша, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың айналымын қадағалау өкілеттіктері келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтіледі.

Осыған байланысты министрлік жаңа міндеттерді орындауға толық дайын болуы қажет. Сондай-ақ заңбұзушылықтарды жедел анықтау үшін өнімді таңбалау жүйесін тиімді пайдалану маңызды.

Үкімет басшысы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл, әсіресе, ұзақ уақыт ем қабылдауға мәжбүр созылмалы аурулары бар азаматтар үшін маңызды.

Әрбір емделуші қандай дәрілердің тегін берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаған жағдайда кімге жүгіну керектігін білуге тиіс. Дәрілік заттарды алудың түсінікті әрі ыңғайлы тәртібін қамтамасыз ету қажет, – деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, бұрыннан қолданып жүрген препаратты басқа өндірушінің дәрісіне ауыстырған жағдайда да оның себебі мен қолдану тәртібі азаматтарға қарапайым тілмен түсіндірілуі керек. Бұл талап ұзақ уақыт емделетін балалардың ата-аналары үшін айрықша маңызды.

Ақпараттың аз болуы мен әкімшілік рәсімдер ауыр науқастар үшін кедергіге айналмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осыны негізгі қағида ретінде басшылыққа алсын, – деп тапсырды Премьер-министр.

«Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі беру үлесі 80 пайыздан асты

Бүгінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында цифрлық шешімдердің ауқымы кеңейіп келеді. Электрондық рецептілерді пайдалану және препараттардың берілгенін цифрлық растау тетіктері дамытылуда.

Олжас Бектеновтің айтуынша, «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үлесі 80 пайыздан асқан. Бұл жүйені одан әрі жетілдіру қажет.

Бұл тетік дәрілік заттардың есебін жүргізіп қана қоймай, емделушінің өзіне тиесілі препаратты нақты алуына да кепілдік береді. Сонымен қатар дәрі тапшылығын алдын ала анықтап, медициналық ұйымдар арасында препараттарды жедел қайта бөлуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, емдеу үдерісінде үзіліс болмауы керек, – деді Үкімет басшысы.

Ол медициналық ұйымдарда қажетті дәрілер бола тұра, науқастардың препаратты уақытында ала алмауы немесе оны өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болуы сияқты жағдайларға жол беруге болмайтынын атап өтті.

Премьер-министр таңбалау жүйесі де дәрілік заттардың қозғалысын бақылауға, қоймадағы қалдықтарды есептеуге, заңбұзушылықтар мен жекелеген препараттардың тапшылығын анықтауға көмектесетінін айтты.

Емделушілерді қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтып, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету керек. Науқас адам өзіне қажетті препаратты міндетті түрде әрі дер кезінде алуы тиіс. Бұл жұмыстың басты нәтижесі де – осында, – деді Олжас Бектенов.

112 жаңа препаратты тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Үкімет отырысында жаңа дәрілік заттардың қолжетімділігі де сөз болды. Премьер-министр әлемнің дамыған елдерінде сертификатталған препараттарды Қазақстанда жедел тіркеу мүмкіндігі заңнамада қарастырылғанын еске салды.

Қазіргі уақытта осындай 112 жаңа препаратты тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» компаниясы емделушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, дәрілік заттардың басымдығын айқындап, аталған тетікті жедел іске асыруы қажет. Бұл ретте жаңа препараттардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар толық көлемде сақталуға тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін диабетпен ауыратындар дәрісіз қалуы мүмкін бе деген сауалдан кейін «СК-Фармация» Әбеновтің сынына жауап берді. 

Тағы оқи отырыңыз:

ДСМ: Қазақстанда 500-ге жуық дәрі-дәрмек түрін өндіру жоспарланып отыр

Онкологиядан диабетке дейін: Қазақстанда жаңа дәрі зауыттары салынады 

2027 жылға дайындық үш ай бұрын басталды: Қазақстанда дәрі тапшылығы бола ма?