Үкімет басшысы бизнесті бақылауды автоматтандыруды тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Азаматтарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады. Осыған байланысты Шағын және орта кәсіпкерлік тұжырымдамасындағы тәсілдерді қолдауды және тиісті қаулыға дауыс беруді ұсынамын, -деді Ә. Смайылов
Сондай-ақ Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне тапсырма берді.
Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» палатасымен бірге Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етсін. Кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері бір апта мерзімде бірінші басшылардың жауапты орынбасарларын белгілесін. Ерұлан Кенжебекұлы, сізге олармен бірге тұрақты түрде жұмыс жүргізуді тапсырамын, -деді ҚР Премьер-министрі.
Сонымен қатар Ә.Сымайылов Мемлекет Басшысы бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінде «адами факторға» жол бермей, оны толық автоматтандыруды биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Аталған жүйені тексеру нәтижесінде 93 бақылау саласының 24-і ғана, 18 қадағалау саласының 2-і ғана автоматтандырылғаны белгілі болды. Бұл жұмысты күшейту керек, -деді ол.