Үкімет басшысы: Биыл 1,2 млн адам жұмыспен қамтылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин БАҚ өкілдерімен кездесу барысында хабарлады.
«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Елдос Нәшірәлі Үкімет басшысына: «Халықты жұмыспен қамту картасы» бағдарламасы бар. Олардың жүзеге асырылу қарқыны туралы толығырақ айтып берсеңіз?» деген сұрақ қойған болатын.
Халықты жұмыспен қамту – әлеуметтік маңызы үлкен мәселе. Үкімет бұл мәселеге басты назар аударады. Қазіргі демографиялық үрдістерді ескере отырып, 2025 жылға дейін біз еңбек ресурсының балансын әзірледік. Осы баланс бойынша жыл сайын еңбек нарығына 475 мың жұмыс күші шығады. Сол баланс бойынша 390 мың жұмыс күші қысқартылады, – деп жауап берді министрлер кабинетінің басшысы.
Сондай-ақ Премьер-министр әзірленген ұлттық жобаларға тоқталды.
Үкімет басшысы отандық БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген еді. Жиында Премьер-министр журналистердің сұрақтарына жауап берді.Әзірленген ұлттық жобалар бойынша 2 млн жаңа жұмыс орнын құру керек. Сонымен, біз аталған мәселені тұрақты бақылауда ұстаймыз. Қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрап отыр. Биыл 1,2 млн азамат жұмысқа орналастырылды. Ол «Еңбек» бағдарламасы, соның ішінде «Жұмыспен қамту картасы», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының шеңберінде жүргізілді, – деді Асқар Мамин.