Үкімет басшысы бидайды Қытайға экспорттау туралы: Өз астығымыз өзімізге жетеді
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазақстандық бидайды Қытайға экспорттауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз биыл агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау жүйесін көп өзгертпей, барынша сақтап қалғанымызды атап өткім келеді. Қазақстанның өз астығы өзіне толық жетеді. Қалған ауқымды бөлігін экспортқа да шығарады. Биыл Қазақстан бидайы Қытай Халық Республикасына жеткізіле бастады. Мысалы, ауа райы қолайсыз болып, астық шықпай қалған күннің өзінде біздегі ішкі қажеттілік ең аз жиналатын көлемінен 2 есе төмен екенін айта кету керек, - деді Премьер-министр Үкімет отырысында.
Яғни астықтың көлемі елдегі ішкі сұраныс пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді деп отыр.
Жалпы, егіс жұмыстарының қарқыны жақсы екенін атап өтемін. Сондай-ақ мына мәселелерге назар аударғым келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, фермерлердің агротехнологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз етуі тиіс. Облыс әкімдері егіс алқаптарын арамшөптер мен зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын бақылауға алуы керек. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау жөніндегі іс-шаралар тізбесі мен субсидиялау нормативтерін бекіту қажет, - деді Әлихан Смайылов.