Үкімет басшысы әкімдерге вакцинацияны күнделікті тексеруді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов хабарлады. Сондай-ақ ол мектеп оқушылары арасында індет жұқтырушылардың саны артқанын алға тартты. 

Мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясының көбейгенін ескеріп, әкімдерге барлық оқу орындарында санитариялық-эпидемиологиялық режимнің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сондай-ақ халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын барынша күшейту қажет, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол өңірлердегі вакцинация мәселесін сынға алды. 

Бұған дейін берілген тапсырмаларға қарамастан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында екпе алуға тиіс халықтың жартысы ғана вакцина салдырған.  Сондай-ақ ел астанасы мен Алматыда және Маңғыстау облысында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ, - деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, екпе салдыру бойынша көш бастап тұрған аймақтар басқаларға үлгі болуы тиіс. 

 Шығыс Қазақстан облысында  вакцинамен қамту 100%, ревакциналау шамамен 80%-ға жетіп отыр. Жамбыл облысында вакцина салдыру 100%, ал ревакциналау – 66%-ға жуықтады. Бұл – басқа өңірлер үшін үлгі боларлық жұмыс. Көш соңындағы аймақтардың әкімдері вакциналау және ревакциналау мәселесін күнделікті бақылауға алуы тиіс, - деді Премьер-министр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы