Үкімет балаларға берілетін жәрдемақыны қашан өсіреді?

Елімізде отбасылар мен көпбалалы аналарды қолдау үшін бірнеше әлеуметтік төлем түрі бар. Олар табыс деңгейіне қарамастан, республикалық бюджеттен төленіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біржолғы жәрдемақы

Бұл жәрдемақы бала дүниеге келген кезде бір рет беріледі. 2025 жылғы мөлшері:
- Бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (149 416 теңге)
- Төртінші және одан кейінгі балаға – 63 АЕК (247 716 теңге)

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы

Бұл төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін беріледі. Оның мөлшері отбасындағы балалар санына байланысты сараланады. Оның мөлшері - 5,76 АЕК-тен 8,90 АЕК-ке дейін

Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға төленетін жәрдемақы тағы бар.

Бұл жәрдемақыны анасы, әкесі, асырап алушысы, қамқоршысы немесе қорғаншысы ала алады. Мөлшері – 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД).

"Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлеріне арналған жәрдемақы

Бұл жәрдемақы көпбалалы аналарға олардың табысына қарамастан төленеді:
• "Күміс алқа" иегерлері – 6,4 АЕК
• "Алтын алқа" иегерлері – 7,4 АЕК

Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы төлемнің мөлшері отбасындағы бала санына байланысты есептеледі:
• 4 баласы бар отбасылар – 16,03 АЕК
• 5 баласы бар отбасылар – 20,04 АЕК
• 6 баласы бар отбасылар – 24,05 АЕК
• 7 баласы бар отбасылар – 28,06 АЕК
• 8 және одан көп баласы бар отбасылар – әр балаға 4 АЕК

Жәрдемақылар қалай есептеледі?

Балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар айлық есептік көрсеткіш (АЕК) және ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) негізінде есептеледі. 2025 жылдың басынан бастап бұл жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артты.

Әлеуметтік төлемдер көбейе ме?

Әлеуметтік қорғау жүйесі экономикалық жағдайларға және халықтың сұранысына сәйкес өзгеріп отырады. Қазіргі уақытта жүктілікке және босануға байланысты төлемдерді тағайындау жүйесіне параметрлік өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр.

Бала күтімі бойынша жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдер уақытылы және тұрақты түрде төленіп келеді. Келешекте бұл жүйені жетілдіру мемлекеттік мүмкіндіктерге қарай жалғасады, - деп жауап берді Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы