Үкімет бағаны тұрақтандырудың қосымша шараларын әзірлеуді тапсырды
Шілдеде азық-түлік инфляциясы 0,4%-ды құрап, маусыммен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа баяулаған.
Үкіметте инфляцияның қазіргі динамикасы, бағаның өсуіне жол бермеу және жекелеген нарықтардағы жағдайды тұрақтандыру шаралары талқыланды.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жылдық инфляцияның 10,2% деңгейінде тұрғаны айтылды. Кейбір өңірлерде көрсеткіш республикалық орташа деңгейден жоғары.
Жиында реттелетін тарифтердің ықтимал өсуі ескеріліп, инфляцияның одан әрі өзгеру сценарийлері қаралды. Табиғи монополияларды реттеу комитетіне тарифтердің инфляцияға әсерін есептеп, алдағы өсім параметрлерін қайта қарау тапсырылды.
Шілдеде азық-түлік инфляциясы 0,4%-ды құрап, маусыммен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа баяулаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,3%-ға төмендеді.
Кеңесте қант нарығындағы жағдай да талқыланды. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 77 мың тонна қант өндірілген. Қант импортына тәуелділікті ескере отырып, биыл 100 мың тонна шикі қантты бажсыз әкелуге рұқсат берілген.
Сонымен қатар сүт, нан-тоқаш өнімдері және реттелмейтін нарықтағы ақылы қызметтердің бағасы қаралды. Ақылы қызметтер ішінде ең жоғары өсім денсаулық сақтау, көлік, білім беру, туризм және спорт салаларында байқалған.
Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға бағаның өсу себептерін талдап, оны тұрақтандыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал инфляциясы республикалық деңгейден жоғары өңірлердің әкімдіктері бір апта ішінде негізгі азық-түлік жеткізушілерімен кездесіп, бағаны тұрақтандыру шараларын қабылдауы тиіс.
«Инфляция орташа республикалық деңгейден асатын өңірлерде бағаның өсуіне жол бермеу өте маңызды. Әрбір фактор бойынша жұмыс істеп, апта сайын қабылданған шаралардың нәтижесін талдайтын боламыз», – деді Серік Жұманғарин.