Үкімет азық-түлік бағасын тежеу мәселелері бойынша кеңес өткізді
Бүгін Үкіметтің цифрлық кеңсесінде Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев төмендегі мәліметтерді айтты.
Жыл басынан бері ӘМАТ 22,3%-ға, аптаның қорытындысы бойынша 0,2%-ға өскен. Атап айтқанда, пияз бағасы 1,7%-ға, қырыққабат – 0,9%-ға, күріш – 0,8%-ға, сүзбе – 0,7%-ға, жұмыртқа мен сүт – 0,5%-ға қымбаттады.
Жыл басынан бері ӘМАТ бағасының ең көп өсуі Ұлытау облысында (31,4%) және Астана қаласында (25%) байқалды.
Қазіргі уақытта баға қалыптасуының бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы жүйеленіп, олардың құрамы күшейтілді. «4-5 буындық» делдалдардың қызметіне байланысты бөлшек сауда өнімдерінің бағасы іс жүзінде 60%-ға өседі. Осы орайда өңірлік комиссиялардың жұмысы көтерме жеткізілім, логистика және қойма тізбектерінің схемаларын талдауға, сондай-ақ ден қою шараларын қабылдауға бағытталған.
Рұқсат етілген сауда үстемесін (15%) бақылау бөлігінде «үйлердің жанындағы» дүкендермен жұмыс күшейтілді және нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету үшін республика аумағында тауарларды қадағалау жүйесі жетілдірілуде.
Әлихан Смайылов бағаны ұстап тұрудың тиімділігін арттыру үшін негізгі мемлекеттік тетіктердің жұмысы қайта форматталғанын атап өтті. Атап айтқанда, «айналым схемасы» бойынша тәсілдер қайта қаралды: енді қаржыландыру негізінен сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағытталады. Бұдан басқа, делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылып, күшейтілді, өндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірмейтін шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын бекіту жөніндегі қағидалар бизнеспен келісілді.
Премьер-министр жаңа жыл қарсаңында жағдайды тұрақтандыру үшін бағаны ұстап тұрудың жаңа тәсілдерін толыққанды іске асыруды, сондай-ақ бір ай мерзімінде қосымша заманауи көкөніс қоймаларын салу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Инфляцияның жоғары қарқыны экономиканың үдемелі дамуына мүмкіндік бермейді және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Осыған байланысты келесі жылы оны 2 есеге төмендету бойынша жұмыс – ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып отыр. Бұл жұмыста формалдылық болмауы тиіс, - деді Әлихан Смайылов.