Үкімет азық-түлік бағасын қадағалап отыр – Байбазаров

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін не істелетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұтыну тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығын жете түсінеміз әрі Ұлттық Банкпен және ЖАО-мен бірлесіп, инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды, оның ішінде ішкі нарықты тауарлармен толтыру, бәсекелестікті қорғау, сыртқы сауданы реттеу мен тарифтерді реттеуді жалғастырамыз, – деді Байбазаров үкімет баспасөз орталығында өткен бринфингте.

Министрдің сөзінше, қабылданған шаралардың арқасында Қазақстанда 2023 жылы жылдық инфляция 20%-дан 9,8%-ға дейін төмендеген. Ал, биыл 11 айда  8,4% жетіп отыр.

Үкімет жағдайды қадағалап отыр және әлеуметтік маңызы бар заттарға қатысты экономикадағы бағаларды тежеуге бағытталған шараларды қабылдайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін жаңа егіннің қоры пайдаланылады. Қысқы және көктемгі маусымаралықта азық-түліктің айтарлықтай қоры қалыптасты. Тұрақтандыру қорлары, сауда нысандары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қоймаларында 826 мың тоннадан астам негізгі азық-түліктің 29 түрі бар. Бұл қорлар сақтау мерзімін ескере отырып, жүйелі түрде толықтырылады және елдің бірнеше айлық қажеттілігін өтеуге қабілетті, – деді Серікұлы.

Сонымен қатар министр жаңа жыл кезінде бағаның өспеуін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Өңірлерде тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Қысқы және маусымаралық кезеңде бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін ақпан айының басында тұрақтандыру қорларынан көкөністерді шығаруды бастау жоспарлануда, бұл нарықты қажетті өнім көлемімен қамтамасыз етуге әрі баға ауытқуының алдын алуға мүмкіндік береді, – деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылдан бастап балалар жәрдемақысы өсетінін айтты.

Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров теңгеге әсер етіп отырған үш факторды атады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы