Бүгiн 2026, 21:50 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет автотуризм мен экотуризмді дамытуға басымдық бермек

Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени аймақтарды дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Үйлестіру кеңесі 2026 жылдың сәуір айында туризм саласындағы орталық мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының жұмысын үйлестіретін тұрақты ведомствоаралық алаң ретінде құрылған. Кеңестің негізгі мақсаты – туризм саласындағы жүйелі кедергілерді жою, нақты қолданбалы шешімдер әзірлеу және туристік жобаларды іске асыру үдерісін жеделдету.

Отырысқа Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық мүшелері қатысты.

Жиын барысында туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков Туристік саланы дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жаңартылған іс-қимыл жоспарын таныстырды. Құжатта алты негізгі бағыт бойынша 61 іс-шара қамтылған. Атап айтқанда, туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, туристік өнімдерді қалыптастыру, халықаралық нарықта ілгерілету және цифрландыру мәселелеріне басымдық берілген.

Кеңес барысында халықаралық қонақүй брендтерінің Қазақстан нарығындағы үлесін арттыру, елдің туристік әлеуетін шетелдік нарықтарда жүйелі түрде насихаттау мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар автотуризм, ат туризмі, гастрономиялық туризм және MICE-туризм бағыттарын дамыту, туристік іс-шаралар күнтізбесін жетілдіру және визалық саясатты оңтайландыру мәселелері қарастырылды.

Бұдан бөлек, аңшылық туризмнің әлеуеті мен оның дамуына кедергі келтіріп отырған факторлар сөз болды. Ұлттық парктердегі экотуризмді дамыту, туристік жүктемені реттеу және тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік айналымға енгізу мәселелері де кеңінен талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша Аида Балаева туризмнің ел экономикасының дамуына тікелей ықпал ететін маңызды салалардың бірі екенін атап өтті. Ол өңірлермен өзара жұмысты күшейтіп, әр облыстың ерекшелігін, туристік әлеуетін және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін ескере отырып, нақты әрі егжей-тегжейлі жоспарлар әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени аймақтарды дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.