22 Шілде 2026, 08:54 Фото: primeminister.kz

Үкімет Алакөлде жағалауды қорғайтын бөгет салуға 3 млрд теңге бөлді

Мамандардың айтуынша, жоба Алакөл жағалауының одан әрі шайылуының алдын алып, көлдегі шөгінділердің табиғи қозғалысы мен қайта бөліну процесін сақтауға мүмкіндік береді.

Үкімет Жетісу облысындағы Алакөл көлінің жағалауын шайылудан қорғау үшін қорғаныс бөгетін салуға 3 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Қаржы Үкіметтің резервінен бөлініп, Мемлекет басшысының су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында бағытталды.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 6 шақырым болатын қорғаныс бөгеті салынады. Оның 2,5 шақырымы Көктұма ауылында, ал 3,5 шақырымы Ақши ауылында орналасады.

Бұған дейін, 2025 жылы, 1,7 шақырым аумақта жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп, жер қазу, бетон құю және габион құрылымдарын орнату аяқталған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 25 пайызы орындалған.

Мамандардың айтуынша, жоба Алакөл жағалауының одан әрі шайылуының алдын алып, көлдегі шөгінділердің табиғи қозғалысы мен қайта бөліну процесін сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қорғаныс инфрақұрылымының салынуы өңірдің туристік әлеуетін арттырып, демалушылар мен жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.

Үкімет мәліметінше, соңғы екі жылда Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстар салынып, нығайтылған.

Үкімет су және туристік инфрақұрылымды дамытуға, табиғи ресурстарды қорғауға және өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды бақылауда ұстап отыр.