Үкімет 3 жылға арналған бюджет жобасын мақұлдады
Үкімет отырысында "2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы министрі Мәди Такиев еліміздің бас қаржы құжатының негізгі параметрлері туралы айтты.
Белгілі болғандай, 2026 жылы кіріс 23,1 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 27,6 трлн теңгеге дейін артады. Шығыс 27,7 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2026 жылғы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ынан 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 0,9%-ына дейін кезең-кезеңімен төмендетіледі, - деді ведмоство басшысы.
Сондай-ақ министр бюджет ұзақ уақыт ішінде алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді пайдаланбай теңдестірілді деп отыр.
Шығындарды оңтайландыру және басымдық беру бойынша жұмыс жүргізілді. Оңтайландырылған қаражат нақты секторға бағытталды. Экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстар 10,9% - дан 16,1%-ға дейін ұлғайып, 4,470 трлн теңгені құрады, - деді Мәди Такиев.
Шығыстың негізгі бөлігі – 10,7 трлн теңге немесе 38,7% дәстүрлі түрде әлеуметтік салаға бағытталмақ.
Экономиканың нақты секторын қолдауға 3,6 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде:
- агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 732 млрд теңге,
- көлік инфрақұрылымына – 855 млрд теңге бөлінеді.
Сондай-ақ республикалық жолдарды салуға қосымша 580 млрд теңге мемлекеттік кепілдіктер тетігі арқылы тарту жоспарланып отыр.
Ал күштік құрылымдарға арналған шығыстар 3 трлн теңгеден асады.
Отырыс қатысушылары жобаны мақұлдады. Заң әрі қарай Парламент қарауына ұсынылады.