Үкімет 2035 жылға дейінгі гидроэнергетиканы дамыту жоспарын бекітті
Құжат еліміздің гидроэнергетикалық әлеуетін тиімді игеруге арналған бірыңғай ұзақмерзімді тәсілді қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының электр энергетикасы саласын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында 2035 жылға дейінгі гидроэнергетика саласын дамыту жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжат еліміздің гидроэнергетикалық әлеуетін тиімді игеруге арналған бірыңғай ұзақмерзімді тәсілді қалыптастыруға бағытталған. Болашақ жобаларды әзірлеу кезінде су ресурстарының жеткіліктілігі, энергетикалық жүйенің қажеттіліктері, техникалық мүмкіндіктер, экологиялық талаптар және инвестиция тарту шарттары ескеріледі.
Жоспар алты негізгі бағыт бойынша 30 іс-шараны қамтиды. Олардың қатарында өзендердің су теңгерімі мен гидроэнергетикалық әлеуетін бағалау, жоспарланған нысандардың бірыңғай деректер базасын құру, жер телімдерін дайындау, гидроэлектр стансалары мен гидроаккумуляциялық стансалар жобаларын әзірлеу, сондай-ақ кадрлық және ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту көзделген.
Зерттеу жұмыстары болашақ нысандарға қолайлы орындарды анықтауға, олардың техникалық параметрлерін нақтылауға және су ресурстары мен қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін тәуекелдерді алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Барлық мәлімет мемлекеттік органдар мен инвесторларға қолжетімді болатын бірыңғай цифрлық платформада жинақталады.
Жоспарға сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін елімізде кемінде 500 МВт жаңа гидроэнергетикалық қуат іске қосылады. Сонымен қатар гидроаккумуляциялық электр стансасын салу мәселесі де қарастырылған.
Үкіметтің мәліметінше, жаңа жобаларды жүзеге асыру өңірлердің энергиямен қамтылу сенімділігін арттырып, Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар нысандарды орналастыру кезінде су теңгерімі мен табиғатты қорғау талаптары ескеріліп, қоршаған ортаға әсерді барынша азайту көзделген.